Ақтаудағы әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әкімдіктен берілген баспана сын көтермей тұр. Көпқабатты үйдің бірінде қазірдің өзінде қабырғалары көгеріп, сыз басып жатыр. Тұрғындардың айтуынша ылғал тартқан баспанада саңырауқұлақтар өсе бастаған.
Ақтаудағы мына баспананың аты бір күнде шықты.Әлеуметтік желіге жүктелген видеоны көріп көпшілік таң қалуда. Пәтердің ортасынан өсіп шыққан саңырауқұлақ басқаларға күлкі туғызғанымен, үй тұрғындары жыларман хәлге түсірген. Қыс бойы жылу қосылмай, пәтерлерді сыз басқан.
АЛМАГҮЛ САҚТАҒАНОВА ТҰРҒЫН: «Стенка түсіп жатыр коридордың. Грибок шықты. Оның алдында да шыққан мән бермедім. Өткен қыстан бастап отопление жоқ. Пешпен отырмыз. Үй қара боран. Газбен отырамыз, пеш қосамыз. Ток айналады, біраз ақша шығып кетеді».
Қар еріп, жаңбыр жауса тұрғындардың құты қаша бастайды. Жертөлені су басып, қабырғалардың сылағы түсуде.
ҚЫМБАТГҮЛ ТІЛЕКОВА ТҰРҒЫН: «Ішетін су тапшы, даладан сатып аламыз. Ыстық судың иісі жаман. Сырость боп подездің астында су боп жатыр. ЖЭК келеді, кетеді. Оған кім қарайды? Ыстық судың иісі анау шірік иіс. Әйтеуір тряпка жууға болады, ыдыс жуамыз».
Ашынған тұрғындар үйді апатты деп тануды ұсынып отыр. Салынғанына небәрі 5 жыл болса да сау-тамтығы қалмаған. Бұл үйде 196 пәтер бар. Оның 126-сы әкімдіктің теңгерімінде.
БІРАЙДАР БОРАНҒАЛИҰЛЫ - ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ: «Қаспет, баспалдақ, төбесі, инженерлік желілер ортақ мүлікке жатады. Мемлекеттік бағдарлама қарастырылған «Қайтарымды қаражат» деген. 0,1 процентпен 7 жылға дейін несие ретінде беріледі. Мердігерді өздері таңдайды. Үйдің 3/-сі келіссе ТҮКШ сметасын шығарады, тұрғындар жөндеу жасайды».
Жалдамалы пәтер болғандықтан тұрғындар өз қаражаттарымен жөндеуі тиіс боп шықты. Үкіметке жалдамалы пәтер үшін әр отбасы 6-10 мың тг аралығында төлейді.Сапасыз үйдің алдағы жағдай қалай болады,оны уақыт көрсетпек.