"

Ақтаулық оқушылар төрт түлікті жоғарыдан бақылайтын дрон жасап шығарды. Тіпті Ұшқыш шопан деген атауы да бар. Дронның ерекшелігі  тек малды бақылап қана қоймай өрістегі төрт түлікті санап, түгендейді. Ауырып тұрған малды да анықтауға қауқарлы. Бұдан бөлек ұшқыш шопанның ерекшелігі отардан бөлініп қалған түлікті де тауып бере алады. 

Құрылғы ауылшаруашылығындағы кәсіпкерлердің қолын ұзартады десекте болады. Кез келген ауа-райына төзімді және өзіне артылған міндетті мүлтіксіз атқара алады. Оны қуаттаудың да қажеті жоқ. Төрт түлігіңді бағып береді, қашықтан бақылайды, ұры-қарыдан сақтайды. Сонымен қатар,өз-өзіне қуат жинай береді. Ерекше дронды Артем Ахметханов пен Мадина Абдулла бірге ойлап жасақтаған. 

 АРТЕМ АХМЕТХАНОВ №12 ОРТА МЕКТЕПТІҢ 11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ «Біз инновациялық технологияны қолдандық. Бұл ультрадыбыстық жүйе адамға естілмейді, бірақ жануарларды қорқытады және оларды дұрыс бағытқа бағыттауға мүмкіндік береді. Екінші ерекшелігі, роботтың ішінде камера тұр. Ол жануарлар туралы барлық мәліметті жинайды».

Жобаны жасау үшін оқушылар 9 ай уақыттарын жұмсаған. Жұмсалған қаржы 75 мың теңгені құрайды. Дронды жасап болғаннан кейін алдымен өздері шаруа қожалықтарында сынақтан өткізіп көрген.   

 МАДИНА АБДУЛЛА НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ 12-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ «Жалпы елімізде жылына 8 мыңға жуық мал жоғалады. Соны іздеп шыққан шопандар да жоғалу қаупінде тұрады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы 15 пайызға ғана цифрландырылған. Осы біздің жобасыз мәселені шешуге арналған. Нарыққа шығаратындай өнімді жетілдірудеміз». 

Айта кетейік ,жобаға жетекшілік еткен ұстаз- Қазбек Қалиев. Ол оқушыларға бағыт беріп отырған. Жетекші малшыларға аталмыш құрылғыны пайдалануға және жұмысты жеңілдетіп алуға кеңес береді.

ҚАЗБЕК ҚАЛИЕВ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ «Қазіргі таңда мал шаруашылығының маңызы өте үлкен. Ата кәсібіміз мал шаруашылығын цифрландыру қазіргі таңда үлкен мәселеге айналып отыр. Осы оқушыларымыздың ауыл шаруашылығына қосып жатқан үлесі және де осы жобаны әрі қарай дамытуға көмектесіп, атсалысуымыз керек».   

Инновациялық жоба әлем бойынша теңдессіз жобалардың көшін бастап тұр. Оған дәлел жуырда Қытайдағы додада 1500 үздік стартаптың арасынан екінші орынды жеңіп алыпты. Жетекшілерінің айтуынша қос оқушы әлі де тың жобаларды жасайтындарына сенімі мол.