Қазақтың кіл қаймағы Қарадала төрінде. “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты, өмірін өлеңмен өрнектеген талантты ақын-драматург Бақыт Беделханұлының 50 жас мерей тойы туған жерінде дүркіреп өтті. Ақынын ардақтаған алаш жұрты 2 күн бойына құтты мекен Шонжы өңірін ән мен жырға, мақтау мен марапатқа, сый мен құрметке бөледі. Толығырақ «Мен - бәріңмен біргемін!» атты әдеби–шығармашылық кешке қатысып қайтқан тілші баяндасын.
Шынында қасиетті Қарадалада бұл күні поэзия үні қалықтады. Ақынын ардақтаған туған халқы мерейтойды абыроймен атқарып шықты. Алдымен 50 жастың есігі Әлмерек баба ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, абыз рухына құран бағыштаумен ашылды. Мұнан кейін мерейтойлық әдеби-шығармашылық кеш Мәдениет үйінде жалғасты. Онда қонақтарды Бақыт Беделханұлының балалығынан бүгінге дейінгі өмір тарихы, өлең-жыр кітаптары мен естеліктері тізбектелген «Аспантаудың ақыны» атты көрмесі қойылыпты. Сондай-ақ, бұл күні мерейтойға арнайы ұйымдастырылған «Уақыт жүрегі» атты Республикалық ашық жыр мүшайрасының, «Аспантаудың алақаны» атты оқушылар арасында өткен көркемсөз шеберлері байқауының қорытындысы жарияланды. Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар берілді. «Мен - бәріңмен біргемін!» атты әдеби–шығармашылық кешке Президент кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы арнайы келіп, ел Президентінің құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ ақынды «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады. Бұл кешке қазақтың кіл қаймағы жиналды. Азулы ақындар, мәжілісмендер мен мәртебелі қонақтар ақынға ақжарма тілектерін арнап, құттықтау сый-сыяпатын да аямады.
АСАНӘЛІ ӘШІМОВ, КСРО ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ҚР ЕҢБЕК ЕРІ
Кеш барысында ақынның «Ұлы сия» кітабының тұсаукесер рәсімі де өтті.
БАҚЫТ БЕДЕЛХАН, АҚЫН-ДРАМАТУРГ
50 жас мерейтой мерекелік гала-концертпен жалғасты. Қазақ эстрадасының айтулы өнерпаздары әннен шашу шашып, Бақыт Беделханұлының сөзіне жазылған туындыларды орындады.