«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» – қиын кезеңде елдің ынтымақ-бірлігі аса маңызды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы сын сағатта әрдайым халықпен бірге. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы Атырау облысына барып, жергілікті бұқараға қолдау білдірді.
Бір болайық. «Бірлік болған жерде, тірлік болады» дейді қазақ. Бәріміз бір болсақ, Алладан тілейік және әрекет етейік. Тілеп жата бермейміз ғой, әрекет ету керек. Сонда ісіміздің берекесі болады.
Атырау шаһарын тасқыннан қорғау үшін жұмылған еріктілерге Бас мүфти арнайы дастархан жайып, Ораза айт мерекесімен құттықтады. Содан соң, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұжымы Жылыой ауданындағы Құлсары қаласына ат басын бұрды. Наурызбай қажы Тағанұлы су басқан елдімекен жұртымен кездесті.
«Айтпағым – бүкіл Қазақстан сіздермен бірге. Біз де сіздермен біргеміз. Бірге шүкіршілік ету арқылы кез-келген сынақты біз жақсылыққа ауыстыра аламыз. Өйткені, Алла Тағала бізге айтып тұр – «Егер де сіздер, сабыр етсеңіздер, тағдырға шүкір етсеңіздер, біз сіздерге жақсылығымызды еселеп береміз» – дейді».
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарына 100 тоннадан астам азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмыстық заттар жіберіп гуманитарлық көмек көрсетті.