Еліміздің Премьер-Министрі Олжас Бектенов ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Директорлар кеңесінің отырысын өткізді.Онда мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика, тау-кен секторларындағы жобалардың қазіргі жағдайы қаралды. Стратегиялық маңызы бар бастамалар тізбесіне жиынтық сомасы 26,9 трлн теңге болатын 44 жоба кіреді, олардың 11-і бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталған жобаларды іске асыру нәтижесінде Қазақстанда құрылыс кезеңінде 53 мыңнан астам жұмыс орны және пайдалану кезеңінде шамамен 11 мың жұмыс орны ашылатын болады.Экономика үшін басым жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды.
Биыл 105,1 млрд теңге объектілерді газдандыруға, 272 млрд теңге жалға берілетін тұрғын үй салуға, 680 млрд теңгеден астам сома инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталатын болады. Бұдан басқа, «Самұрық-Қазына» Екібастұз ГРЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялауға, «Талдықорған – Үшарал» магистральды газ құбыры мен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салу үшін қаражат тартуға ниетті.