Маңғыстау облысы Бесшоқы ауылындағы мектепте оқушылар жаппай уланып қалды. Бастауыш сынып оқушылары  білім беру мекемесінің асханасында түстенгеннен кейін  өздерін жайсыз сезінген. Ата-аналар баласының қызуы көтеріліп, жүрегі айнып, құса бастағаннан кейін жергілікті ауруханаға жүгінген. 

Бүгінгі таңда 460 бала дәрігерлердің бақылауында, оның 83-і ауруханаға жатқызылды, 2 бала жансақтау бөлімінде. Денсаулығының жақсаруына байланысты реанимацияда жатқан екі бала жалпы бөлімшеге ауыстырылды. Қазіргі уақытта ауруханаға улану белгілерімен түскен балалардың барлығына толық көлемде қажетті медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. 

ТІЛЕПБЕРГЕН ДҮЙСЕНБАЕВ АТА-АНА: «Тамаққа аппетиті жоқ. Тек жатып, құсып, қызуы көтеріліп жатыр. Түнімен ауырып шықты. Врачтар отравление деп жатыр жалпы. Енді арғы жағын біз медик емеспіз, енді сол медиктердің ответін күтеміз. Мектепте не жедіңіз десек, компот іштік, супа іштік дейді, обычно тамақтар енді. Просрочный болды ма, или ыдыстарды дұрыс жумады ма, оны енді следствия тексереді». 

Облыстағы астан улану оқиғасына байланысты Үкімет басшысы мәлімдеме жасады. Бір ай ішінде республикадағы барлық мектептердің асханаларында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізіледі. Ол мектептегі тамақтанудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу шараларын күшейтуге бағытталған. 

ГҮЛЖАН АМАНБЕКҚЫЗЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Жатқызылған балалардың жағдайлары тұрақты. Қазір инфузиондық ем жүргізіліп жатыр. Инфузиондық емнен кейін балар қалыпты болды. Қазір қызулары түсті, бақылауда. Келген балалардың ішінде бір бала судоргымен келді. Реаниматологпен қаралды. Қазір қызуы түсіп, баланың есі анық».

Айта кетейік, жедел-жәрдем бригадасы науқас балаларға толық құрамда қызмет көрсеткен. Ал, ауруханада төсек-орындары мен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Аталмыш жағдай бойынша асханадағы тамақтардан сынама алынған. Сонымен қатар, тамақтану орнындағы қызметкерлер де тексеруден өтіпті. Қорытындысы әзірге дайын емес,- дейді жауаптылар. Айта кетейік, осы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеп-тексеру жұмыстары да жүргізіліп жатқан көрінеді.