«Бишімбаев түрмеден қашты» деген жалған ақпарат. Мұндай қауесеттің таралуына сотталған экс-министрдің нақты орналасқан жерін табуға тырысқан отандық YouTube арналардың бірінде жарияланған сюжет себеп болған. Сюжетте Бишімбаев жазасын өтеуі тиіс колонияда оның жоқ екені айтылады. Дәл осы ақпарат әлеуметтік желілерде желдей есіп жалған ақпарат толқынын туғызған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті ресми түсініктеме беріп, бұл ақпаратты жоққа шығарды. Сотталған азамат жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтеп жатыр деді.
Артынша сотталушының адвокаты да пікір білдіріп, біртараптан ғана толық зерттеусіз ақпарат берген тілшілер қауымын сөкті. Бишімбаев Степногорскіде, мен оны тұрақты түрде барып көріп тұрамын деді оның қорғаушысы.Жалған ақпарат тарату бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айта кетейік. Комитет азаматтарды жалған ақпарат таратпай, тек ресми деректерге сенуге шақырды.