Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмағанды ұстады. Осыны негізге алған Ішкі Істер Министрлігі ата-аналарға үндеу жасады. Ертеңнен бастап оқушылар мен студенттер қысқы демалысқа шығады. Демек, дәл осы уақытта ата-аналары балаларын қатаң қадағалауы тиіс дейді полицейлер.
БАҚЫТЖАН ӘМІРХАНОВ ҚР ІІМ ЕҚҚКД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Құрметті ата-аналар! Қазіргі уақытта есірткі кез-келген отбасының өміріне енуі мүмкін. Биыл полиция есірткі таратуға қатысы бар 40-тан астам кәмелетке толмағанды ұстады. Қысқы демалысқа байланысты Ішкі істер министрлігі ата-аналарды балаларының өміріне барынша араласуға шақырады, себебі баланың есірткі иммунитетін қалыптастыруда отбасының рөлі ең маңызды. Сіздер балаларыңыздың ортасын білулеріңіз керек, олар пайдаланатын интернет-ресурстарды қадағалағандарыңыз абзал. Жасөспірімнің заттарының арасында кез келген дәрі-дәрмек қаптамалары, фольга, шыны түтіктері, тамшуырлар кездессе, мұқият болыңыз. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Ақша шығынына немесе керісінше оның көбеюіне назар аударыңыз. Себебі есірткіні қолданудан басқа бала тез арада көп табыс табу мүмкіндігіне қызығып, оны таратуға қатысуы мүмкін».