Дана халқымыз “Ғылымсыз елдің күні - түн” деп бекер айтпаса керек. Өйткені, қазіргі дамыған заманда мемлекеттің мәртебесін арттырып, мерейін үстем ететін ғылым, білім, білік. Президентіміз де бұл салаға ерекше салмақ артып отырғаны жайдан жай емес.
Бүгін елдегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының "Білім және қоғамдық ғылымдар" бөлімінің жас ғалымдар жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Мағыналы кездесу маңызды мәселелерді талқыға салды. Отандық ғылымды қолдау, дамыту, жүйелеу, жан бітіру тақырыбында түрлі көзқарас тыңдалды. Әрі нақты ұсыныстар сүзгіден өтті.
Осы орайда ерекше атап өткім келгені жастардың рухани-адамгершілік қасиетін арттыру, экологиялық мәдениетін қалыптастыру, белсенді орта құру және отбасы құндылықтарын бағалау бағытындағы жобалар.
Әрине, “Жас келсе іске” демекші, жиынға қатысқан жас ғалымдар ел ғылымына барынша үлес қосу негізгі міндетіміз екенін жақсы түсінеміз. Ал бұл мақсаттағы бізге деген қолдау тіпті жігерлендіреді.
Еліміздегі осындай жас ғалымдардың бір мақсатқа жұмыла білгеніне қуаныштымын!
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мына мәселелерді қарағанын да хабарлады:
- ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың отандық ғылымды қолдауға қатысты міндеттерін жүзеге асыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Ғылымды дамытуға қатысты Ұлттық баяндаманы әзірлеу бойынша жас ғалымдардың ұсыныстары;
- «Білім және азаматтық қоғам» ғылымдар бағыты бойынша жас ғалымдардың жұмыс тобына және Жас ғалымдар кеңесінің Президумына іріктеу;
- Әртүрлі меселелер.
ҚР ҰҒА “Білім және Азаматтық қоғам” жас ғалымдар жұмыс тобының мүшесі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD доктор А.А.Аккузова