БҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті өкілдерімен өткен брифингте денсаулық сақтау ұйымы скотчтың бір данасын 9 мың теңгеге сатып алмақ болғандығы туралы айтылды.Сондай ақ, жемқорлық тәуекелдері жоғары салалар жайында да сөз өрбіді.
Бақылау жұмыстары кезінде әлеуметтік салада- білім беру объектілерінде күрделі жөндеуді аяқтамау деректері анықталды. Солардың бірі Ақжайық ауданы Базартөбе ауылындағы мектеп. Білім орнындағы жөндеу жұмыстары 2022 жылы тамыз айының 4 күні басталған. Алайда мердігердің кінәсінен жөндеу мерзімі бірнеше рет ұзартылған.
ӘДІЛХАН САБУРОВ БҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: "Біздің араласуымыздан кейін Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылы мектебі мен Казталов ауданы Казталов ауылындағы мектеп құрылысы аяқталды. Теректі ауданы Жаңа өмір ауылында ұрғын үй салуға арналған жер телімдеріне су жүргізілді".
Ал, қала емханалары болса, кеңсе тауарын, атап айтсақ, скотчтың 1 данасын 9 мың теңгеге сатып алмақ болған.
ӘДІЛХАН САБУРОВ БҚО СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ: "Денсаулық сақтау ұйымы жалпы сомасы 4,5 млн теңгеге немесе бірлігіне 9 мың теңгеге скотч сатып алуды жоспарлаған, ал мұндай скотчтың орташа нарықтық құны 250-500 теңгені құрайды. Волонтерлердің ұсыныс хат жолдау арқылы әрекет етуінен кейін 4 млн 250 мың теңге сомаға бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді".
Осы сынды сыбайлас жемқорлықтың кез келген фактілері байқалған болса, 1424 Call-орталығы әркез қосулы дейді білікті мамандар.