Бүгіннен бастап Қазақстанда вейптер мен бір рет қолданылатын темекі заттарды сатуға тыйым салынды. Еске салайық, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойған болатын.
Денсаулық сақтау туралы заңға енгізілген түзетулер Қылмыстық кодекске де өзгерістер әкелді. Жаңа заңның 1-бөлімінде вейптерді сатқаны және таратқаны үшін жаза қарастырылған. Яғни, жазаланушы 200 АЕК-ке дейін айыппұл (2024 жылы 738 400 теңге) алады немесе 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, 50 тәулікке дейін қамау сынды жауапкершілікке тартылады. Баптың 2-бөлігінде вейптерді әкелгені және өндіргені үшін жаза қарастырылған. Онда 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл (2024 жылы 7,3 миллион теңге) не 600 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстар, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру жазалары қамтылған. Ал, рұқсат етілмеген жерлерде вейп шегу үшін темекі шегумен бірдей айыппұл салынады - 3 АЕК (2024 жылы 11 076 теңге). Әлеуметтік желіде вейп-дүкен иелерінің Президентке бейне үндеу жолдаған болатын. Заңсыз затты сатушылардың өтінішінің негізі – сатылмай қалып кеткен тауарлардың салдарынан сатушылар шығынға батуда. Сол себепті, олар тыйым салуды кем дегенде келесі жылдың қаңтар айына қалдыруын сұрайды.
Адам денсаулығынан харам ақшаны артық көрген кәсіпкерлердің бұл сөзі желі қолданушыларын да бей жай қалдырмады. «Сендерді ешкім қолдамайды! Тырыспай ақ та қойыңдар!», «Халықтың денсаулығынан бизнес маңызды ма?», «Сонда қаңтарға дейін балалар шөпті қолданып, денсаулықтары құртылсын дегілерің кеп тұр ма?», «Бұл таза қорлау. Ұятсыздар. Тастауға обалсынсаңдар өздерің шегіңдер соны бір жыл бойына» деген азулы пікірлер видео астына жарыса жазылды.