Бұдан былай бәс тіккен мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер жаппай жұмыстан шығарылады. Бүгін Мәжіліс азарт ойындарға тиым салатын осындай заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Бары бұл ғана емес, енді 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын да сатылмайды. Мұндағы басты мақсат – халық денсаулығын жақсартып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Енді елімізде букмекерлік кеңселер мен лотереяларды жарналамауға заңмен тыйым салынады. Ұялы байланыс операторлары да құмар ойындар мен бәс тігу туралы мәтіндегі хабарламаларды жібере алмайды. Жаза қатайып жатыр. Ал, азарт ойынға бәс тіккен мемлекеттік қызметшілер мен әскерилер бірден жұмыстан қуылады.
ЕРНҰР БЕЙСЕНБАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Ойын бизнесі туралы заң букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендерді ғимараттардың, құрылыстардың және көліктердің сыртында жарнамалауға, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары, кино, бейне және анықтамалық қызметтерде жарнамалауға толығымен тыйым салады. Дегенмен букмекерлік кеңселер мен букмекерлік дүкендердің орналасқан жерінде, спорт ғимараттарының ішінде, спортшылардың жабдықтарында, спорттық теле-радио арналарда, спорттық іс-шараларды көрсетуге мамандандырылған интернет-ресурстарда жарнамаға рұқсат етіледі».
Одан бөлек, бүгін мәжілісте республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалды. Қаржы министрі былтыр елде 500 млрд-қа жуық ақша игерілмей қалған деді. Осы олқылық үшін орталық және жергілікті атқарушы органның 158 қызметкері жауапқа тартылыпты. Бюджет қаражатының тиімді игерілмей жатқанына наразы депутат Еділ Жаңбыршин Астанадағы жылу электр орталығын салуға деп бөлінген 116 млрд теңге тым қымбат, соның өзінде құрылысы әлі бітпеген деп сынады.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Елордада "сақалды" болған құрылыс бар. Ол - үшінші жылу электр орталығы. Оның жобалау-сметалық құжаттамасына бірнеше рет түзету енгізілді. Ол бірнеше рет қымбаттады. Былтыр Мәжілістің жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова осы құжаттың 40%-ға қымбаттағанын айтқан болатын. Енді бұл құрылыс (ЖЭО-3 – авт.) 2013 жылдан бері салынып келе жатыр. Ол жылы туған бала мүшел жасқа толды. Мендегі мәлімет бойынша, республикалық бюджеттен осы жобаға 116 млрд теңге қаржы бөлінген. Енді сұрақ туындайды: бұл құрылыс қашан бітеді? Оның екінші кезекте аяқталуына қанша қаражат қарастырып отырсыздар? Бұл бітетін құрылыс па, бітпейтін құрылыс па?»
Ал, жауапты министрлік болса, сағызша созылған бұл құрылыс 2026 жылы толығымен аяқталады деді.
АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
«Жобалық құжаттамаға сәйкес, станция құрылысының жалпы құны 146 млрд теңге. Оның 141 млрд теңгесі республикалық бюджеттен. Бүгінгі таңда 116 млрд теңге бөлінді. Бұл ақшаға 4 қазандық пен бір бу трубинасының құрылысы аяқталды. Биылғы жылыту маусымында станция толық қуатта жұмыс істеді. Біз құрылысты толық аяқтауды 2026 жылға жоспарлап отырмыз».
Астанадағы жылу электр орталығымен қатар Екібастұздағы жылу электр орталығы да күрделі жөндеуден өтеді.Ол мақсатта Үкімет резервінен 3.4 млрд теңге бөлінбекші.