"

Бұдан былай Шанхай Ынтымақсатық ұйымына мүше елдер арасында электрондық сауда көлемі артатын болады. Оған кедендік кедергілердің жойылуы себеп болмақ. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бүгін Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өтіп жатқан отырыста осындай ұсыныс ұсынды. Сандарды сөйлететін болсақ, аймақішілік сауда 20 жылдан астам уақыт ішінде 100 есеге жуық өскен. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы шамамен 20%-ға өсіп, 61 млрд ақш долларына жеткен. Осыған байланысты Үкімет басшысы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы кеңістігіндегі сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мен дамытудың маңыздылығын атап өтті.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІ: «Электрондық сауда келешегі зор салалардың біріне айналып отыр. Түрлі бағалаулар бойынша, ШЫҰ елдерінде электрондық сатудан түскен жалпы табыс биыл шамамен $1,5 трлн-ды құрауы мүмкін. Біз ең әуелі, кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы, электрондық коммерцияны қолдау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек. «Қазақстан “Бір белдеу, бір жол” жаһандық жобасын жүзеге асыруға белсенді қатысып келеді. Бұл бастама Транскаспий халықаралық көлік бағытымен бірге “Шығыс-Батыс” және “Солтүстік-Оңтүстік” дәліздерінің мүмкіндіктерін ашу үшін қажетті алғышарттардың бірі болып табылады»

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов барлық жиынға қатысушыларды 2024 жылдың ақпан айында өтетін Digital Almaty цифрлық форумына қатысуға шақырды. Ол келелі кеңес ШЫҰ кеңістігінде цифрлық хабты қалыптастыруға арналатын болады.