"

Алматы қаласында Германиядағы Кеңес әскері тобымен Варшава Кеңес әскері тобының құрылғанына 80 жыл толуына арналған мерейтойлық салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Айтулы шараға бірлестік ардагерлерімен әскери гарнизондардың сарбаздары қатысты.

Мерекелік шара 28 панфиловшылар саябағындағы Даңқ мемориалынан бастау алды. Салтанатты жиын барысында ардагерлер мен қонақтар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойып, жауынгерлер рухына тағзым етті. Әскери саптық шеру өткізіліп, салтанатты рәсімдер әскери дәстүрлерге сай орындалды. Сонымен қатар, қатысушылар Армия үйіндегі Әскери музей мен ашық аспан астындағы әскери техника көрмесін тамашалады.

ҚҰРМАНҒАЗЫ ТАСТАНБЕКОВ ГСВГ-ГВВД АЛМАТЫ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Ардагерлер бұл маңызды күні әскери тарих пен жауынгерлік жолды еске алып қана қоймай, болашақ ұрпақтың соғыссыз заманда, бейбіт өмір сүруін тіледі. Олар бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңызын атап өтіп, жастарды Отанға адал қызмет етуге және ел бірлігін қастерлеуге шақырды.

ЕРЛАН СҰЛТАНҰЛЫ ГСВГ-ГВВД МҮШЕСІ

Мерейтой құрметіне арнайы шақырылған қонақтар мен ардагерлерге Германиядағы Кеңес әскері тобының 80 жылдығына арналған  төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етілді. Бұл маңызды іс-шара — әскери тарихты ұлықтап, ардагерлердің ерен еңбегіне құрмет көрсетудің және жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі болды.