Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде қызылша ауруы өршіп тұр. Әсіресе Алматы қаласында кеселді жұқтырғандар көбейіп барады. Індетті жұқтырғандардың көбі – бала. Астана, Шымкент қалалары мен Жамбыл облыстарында да асқынып тұр. Қызылша жылдам таралатын дерт. Мамандар оның жалғыз емі – вакцина екенін айтып отыр.
Алматыда ағымдағы жылы наурыз айынан бастап қызылшаның зертханалық жағдайы расталған 1646 адам тіркелген. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 1397. Инфекция қалаға эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз болған елдерден әкелініп, қызылшаға қарсы екпе алмаған тұрғындар арасында таралған. Қызылша-дене температурасының жоғарылауымен, жөтелмен, мұрынның ағуымен, конъюнктивитпен және бөртпемен сипатталатын жедел вирустық ауру.
АЛМАШ САРСЕМБАЙҚЫЗЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПАРАЗИТТІК АУРУЛАРДЫ ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:«Ең бірінші ұсынарымыз, егерде аурудың қандай да бір белгілері болған кезде, дер кезінде дәрігерлерді шақырып, дәрігердің тағайындауымен ем қабылдау. Өз бетімен емделмеу және ауырған балаларды ұйымдасқан орталарға апармау. Аурудың ең алдын алудың ең бір тиімді тәсілі – қызылшаға қарсы екпе алу. Прафилактикалық екпелерді жүргізетін ұлттық күнтізбеге сәйкес, қызылшаға, паразитке қарсы екпе балаларға 1 жасында жасалады және екінші екпе 6 жасында жүргізіледі».
Айта кетейік, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бүгінде қызылшадан 29 ересек және Қалалық балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 201 бала стационарлық ем алып жатыр деп хабарлайды. Стационарлық ем қабылдап жатқан науқастың барлығының жағдайы орташа ауыр. Науқастар арасында қызылшадан қайтыс болғандар тіркелген жоқ.