Бизнесті қолдау емес, онда қызмет ететін жұмысшылар өмірін қорлау болып отыр. Осылай деген мәжіліс депутаттары бизнес жүргізу мәселелері бойынша заңға дереу өзгеріс енгізу керек деп санайды. Себебі, мараторий соңы өндірістегі қанша адамның өліміне әкелді дейді. Бүгін төменгі палата депутаттары аталмыш заңға енетін өзгерістер мен толықтыруларды бір ауыздан мақұлдады. Сонымен кәсіпкерлерді тексеруге арналған мараторий қашан толық алынады? Тексеріс жүргізу тәрбітіне қандай өзгерістер енеді? Халық қалаулылары неге министрлер жауабына қанағаттанбайды? Толығарақ алдағы бейнесюжетте.
Кәсіпкерлік туралы заң бизнесмендердің ғана емес депутаттардың да ерекше назарына ілікті. Бизнесті тексеруге салынған тыйым соңы келеңсіз жайттарға әкелгенін халықтың да көзі көрді. Әсіресе, сапасыз өнімдерден уланған жағдайлар жиілеп кеткені мәжілісмендердің ашуын тудырды. Депутат мұндай жағдай тіркелсе, кәсіпкер қандай жазаға тартылады деп Денсаулық сақтау вице-министрінен сұраған еді. Алайда ол, мардымды жауап бере алмай, жауаптың орнына баяндама оқып кетіп сөз естіді.
ЕРЛАН ҚОШАНОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: «Сізге сұрақ қойылды, сіз баяндама оқып кеттіңіз. Жазбаша жауап беріңіз».
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Біздің министрлер мен олардың орынбасарлары дайындықсыз келеді екен. Біреуі баяндама жасап, жауапты оқып отыр. Екіншісі жалпылама әңгіме айтады. Бұл бірінші рет емес, бірнеше рет қайталанып отыр. Депутаттар нақты сұрақ қояды, бірақ нақты жауап жоқ. Біз қайта-қайта сұрап, нақтылаймыз. Бұлай болмауы керек қой».
Бизнесті қорғау емес, бұл нағыз адам өмірін қорлау деген депутат Еділ Жаңбыршин жауапты министрліктен өндірістегі қауіпсіздікті ерекше бақылауға алуды сұрады.
ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз бизнесті қолдауымыз керек. Оған әңгіме жоқ. Бірақ біз қолдаймыз деп, көптеген мәселені бүлдіріп алдық. Біріншісі, Екібастұздағы жағдай. Екіншісі, МАЭК-тегі жағдай. Кешегі Қарағанды облысындағы шахтадағы мәселелер. Бұл бүкіл өндірісте үлкен проблема. Неге? Біз олардың барлығын қорғап, бизнесті дамытады деп, тексеруді прокуратура органдары арқылы реттеп қойдық. Қазір бірде-бір өндірістік қауіпсіздігі, экологиялық қауіпсіздік мәселесі болсын, кіре алмайды. Олардың қолдары байланған. Заңмен байлап қойып отырмыз. Ал оның арты адам өліміне әкеліп жатыр».
ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
«Әрине осындай қауіптер бар. Бізге тиісті балансты табу керек. Жағдайларды жеңілдетіп жатырмыз. Жалпы жүктеме жүйесін жеңілдетіп жатырмыз».
Ал, келесі жылы бизнесті тексеруге арналған мараторий аяқталса, қайта бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» әрекетке салмаймыз ба деп алаңдаған депутат Ринат Зайытов жауапты министрліктен тексерісті мүмкін автоматтандыру керек шығар деп өз ұсынысын айтты.
РИНАТ ЗАЙЫТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
«2024 жылдан бастап мараторий аяқталады деп отыр. Олар қазір екі көзі бақырайып, бізді қайта тексере бастайды деп қорқып отыр. Тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара ұстайды. Ауылды жерлерде малды бағады, етін сатайын десе оны дұрыс бағамен сата алмайтынын білесіз. Не тері өңдей алмайды, не жүн өңдей алмайды, я болмаса ет өнімдерін өңдеп сата алмайды. Осы бағытта қандай бағдарламаларыңыз бар және ол қашан басталады?»
ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
«Тексерулер тек қана автоматтандырылған, жасанды интеллектпен адамның қатысуынсыз анықталатын кестесі жасалады. Сол себепті осындай физикалық тексерулер жайдан-жай белгіленбейді. Болжамымыз бойынша осындай тексерулер екі есе қысқартылады. Бағаларды және ет сапасын, ауыл шаруашылығының басқа өнімдер сапасын тексеру керек. Қазіргі таңда Кәсіпкерлік кодексте мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің тиісті тексерулерді жүргізуге мүмкіндігі бар».
Сонымен бүгін Мәжілісте бизнес жүргізуді жеңілдететін заң жобасы мақұлданды. Бұл заңға енген өзгерістер бизнеске деген жүктемені азайтуға, жұмыстың ашықтығына, жемқорлық тәуекелдерді төмендетуге септігін тигізеді деген сенім бар.