Бүгін Ерболат Досаев Алматыдағы энергетикалық инфрақұрылымның жылыту маусымына дайындығын тексерді. Үздіксіз жылумен жабдықтау үшін Южная қазандығын реконструкциялауды аяқтауды тапсырды.
Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары аясында Бостандық ауданындағы Южная қазандығының реконструкциялау нысанымен танысты. Сонымен қатар, Бостандық ауданының тұрғындарын электр қуатымен қамтамасыз ететін «Алмагүл» қосалқы станциясына барды. Басты мақсат – инженерлік инфрақұрылым нысандарының алдағы жылыту маусымына дайындығын тексеру. Алғашқы нысанда мегаполис басшысы Алматы қаласындағы Южная аудандық қазандығының қайта жаңарту барысын тексерді. Қалалық энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев әкімге қазір барлық технологиялық жұмыстың аяқталғанын, газ құбырларын, түтін мұржаларын оқшаулауды, мазут сақтау резервуарларын қоршауды, монтаждауды, сонымен бірге іргелес аумақты абаттандырудың, іске қосу-реттеу жұмыстарының жалғасып жатқанын айтты. Ерболат Досаев Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы басшылығының назарын мердігер ұйымның жұмыстарды аяқтаудың бұрын бұзылған мерзіміне аударып, биыл 1 қазаннан кешіктірмей нысанның 100% дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
ЕРБОЛАТ ДОСАЕВ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Бостандық ауданында қазандықты реконструкциялау жобасы аяқталып келеді: қуаты 55 Гкал-сағатқа артты, 190 Гкал-сағатқа жетті. Бұл қаланың оңтүстік бөлігін, 200 мың тұтынушыны, соның ішінде әл-Фараби даңғылынан төмен Гагарин, Розыбакиев, Жароков көшелеріндегі жаңа тұрғын үй кешендерін үздіксіз жылумен және ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді».
Қала әкімі құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау сапасына қатысты бірқатар тапсырма берді. Ерболат Досаев бұл іс тұрақты түрде бақыланып тұру керектігін айтты. Инженерлік инфрақұрылым нысандарын аралау қорытындысы бойынша Алматы әкімі шаһардың алдағы жылыту маусымына дайындық мәселесі ерекше бақылауда екенін атады. Коммуналдық кәсіпорындардың өкілдері барлық жұмысты бекітілген кестеге сәйкес аяқтауға тиіс.