"

"

Маусым айынан бастап Ақмола облысы Егіндікөл ауданында жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жақында шамалап болса да су берілген. Бірақ, жұртшылықтың қуанышы көпке созылған жоқ. Соңғы екі апта бойы тіршілік нәрі мүлде тоқтаған.

Нұра топтық су құбыры 24 елдімекенді сумен қамтамасыз етеді. Тіршілік нәріне тәуелді халық саны 14 жарым мыңнан асады. Аудан тұрғындарын аталмыш мәселе бірнеше ай бойы мазаларын қашырған.Соңғы екі апта бойы бірнеше ауыл тұрғындары сусыз өмір сүруге мәжбүр.

ЛАРИСА ШЕВЦОВА ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Бір айда жағдай өзгерген жоқ. Тіпті керісінше одан да нашар болып кетті. Бұған дейін жақын маңдағы елді мекендерден суды әкелуге болатын болса, қазір алыс жаққа барып алуға мәжбүр».

Аудан әкімдігінің мәліметінше, су құбыры 90 пайызға тозған. Сондықтан жиі істен шығады. Жыл басынан бері су құбырында 80-ге жуық апат орын алыпты, ал жеке учаскелерде су шығыны 70-80 пайызға жеткен. Су ресурстары комитетінің өкілдері мәселені шешу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеп жатқанымен, кешігу бар. Тіршілік нәрі келесі жылы бірақ берілуі мүмкін.

ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Менің ойымша, бұл жағдай тек ауданның, өңірдің емес, елімізде орын алып жатқан проблема. Мәселе, сәуір айында пайда болған жоқ. Ең қорқыныштысы әлеуметтік нысандар да осындай жағдайда».

Бұл мәселе Парламент Мәжілісі мен "AMANAT" партиясының бақылауында. Депутаттар проблеманы тағы көтеріп, шешу жолдарын талқыламақ.