"
Елімізге ресми сапармен бауырлас елдің Президенті Садыр Жапаров келді. Құрметті қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше ықыласпен қарсы алды.
Қазақ-қырғыз бір туған, белбеулерін бір буған.Қазақстан мен Қырғыз Республикасы арасындағы байланыс қай кезде де берік болған. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас жатқан ел болғаннан кейін экономикалық һәм әлеуметтік тұрғыда мәмілеміз мызғыған емес. Ел басына күн туып, бір қатар өңірлерімізді топан су жуып жатқан шақта,алғаш болып қол ұшын берген қырғыз ағайындардың бұл әрекеті көптеген көршілерімізге үлгі болғаны анық. Міне бүгін қазақ жеріне айыр қалпақты ағайынның басшысы арнайы келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровты ерекше ілтипатпен қарсы алды. Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды.Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Бүгін біз Одақтастық қатынастарды нығайту және кеңейту туралы тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз байланыстарының дамуына тың серпін беретініне сенімдімін. Ел аузында «Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ» деген сөз бар. Бұл – дұрыс айтылған тұжырым».
Мемлекет басшысы Қазақстанның бұрын-соңды болмаған су тасқынымен күресіп жатқанын атап өтіп, осындай қиын-қыстау кезде гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Қырғызстан Президентіне және барша қырғыз халқына алғыс айтты.Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қырғыз қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды. Президенттің пікірінше, бұған белсенді саяси диалог, үкіметаралық және парламентаралық тығыз байланыстар ерекше серпін беріп отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық жылдан-жылға нығайып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 1,5 миллиард долларға жетті, яғни 26 пайызға өсті. Алдағы мақсатымыз алыс-беріс көлемін 2 миллиард долларға жеткізу. Сонымен қатар осы бағытта болашағы зор бірқатар жоба қолға алынды. Жалпы, сауда-экономикалық саладағы уағдаластықтар орындалып жатыр».
Өз кезегінде Садыр Жапаров қырғыз делегациясына қонақжайлық танытқаны үшін Қазақстан тарапына ризашылығын білдірді.
САДЫР ЖАПАРОВ ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: «Қазақстан біздің ең жақын көршіміз. Сыртқы саясатымызда ерекше артықшылықтарға ие болған бауырлас мемлекет әрі негізгі сауда серіктестеріміздің бірі. Екі ел арасында ешқандай саяси, аймақтық қайшылық жоқ. Мемлекет басшысы лауазымына келгелі бері қырғыз-қазақ қарым-қатынасы болсын, халықаралық құрылымдарда болсын, маған қолдау көрсетіп келесіз. Біз бауырлас қазақ халқына су тасқыны салдарынан туындаған қиын кезде қолдан келген көмекті беруге дайынбыз. Екі елді ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан достық, бауырластық, тату көршілік байланыстар, сондай-ақ ортақ мәдени, рухани және діни құндылықтар біріктіреді. Өзара ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігіміздің одан әрі нығая беретініне сенімдімін».
Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзиттік, энергетикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібін қарастырды.