"

Елімізде сүт өнімдері екі есеге қымбаттауы мүмкін. Ал, сүт сатып ақша тауып отырған ауыл тұрғындарының 70 пайызы тұрақты табысынан айырылып қалу алдында тұр. Себебі, 2025 жылы 1 қаңтарда күшіне енетін Еуразиялық одақтың талабы тым қатал. Осылай деген сенат депутаттары бұл мәселені шешу үшін ауыл тұрғындарына жеңілдетілген несие беріп, әр аймақта сервистік-сатып алу орталықтарын құру қажет дейді. Әйтпесе, екі жылдан кейін сүт өндірісі толықтай тоқырауға ұшырамақ.

ЗӘКІРЖАН КҮЗИЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Өкінішке орай, шикі сүтті оны өңдеу кәсіпорындарына Техникалық регламентке сәйкес жеткізудің мүмкіндігі жоқ. Шикізат тапшылығына байланысты қайта өңдеу кәсіпорындарының өндіріс қуаты 40%-ға дейін азаяды. Сүт зауыттарының 90%-ы жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Оның талаптары күшіне енгеннен кейін, бүгінде сүт сатудан табыс табатын ауыл тұрғындарының 70%-ы тұрақты табыс көзінен айырылады. Сондықтан, кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын қолдау керек».

Одан бөлек, бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутаттар шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау, сапалы ем алу үшін медициналық мекемелерді уақытылы қаржыландыру, Түркістан облысын газдандыру мен Шымкент қаласын дамыту туралы ұсыныс-пікірлерін айтты. Ол айтылғандардың қаншалықты жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.