Бұдан былай елімізде энергетикалық сусындар сатылмауы мүмкін. Олардан адам денсаулығына келетін зиян көп деген денсаулық сақтау министрлігі 21 жасқа дейінгі ел тұрғындарына шектеу енгізу туралы заң қабылдамақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ведомство басшысы Ажар Ғиният айтты. Одан бөлек, министрлер кабинеті «қоқыс жинау мәдениетіне» қатысты мәселені көтерді. Енді рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандар қомақты айыппұл арқалайды.
Емханадағы кезек, сапасыз медициналық қызмет. Халықтың шағымы осы деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов. Әсіресе, Астана, Алматы, Ақмола, Атырау өңірлерінің дәрігерлеріне арыз шағым көп түсетін көрінеді. Бұл проблемаларды шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігі алдағы уақытта бақылауды күшейтпек.
АЖАР ҒИНИЯТ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Медициналық объектілердің инфрақұрылымы әлі де жеткіліксіз. Бүгінде 200-ден астам ауылдық елді мекенде медициналық объектілер жоқ. Ғимараттардың тозуы 56, медициналық техникамен жарақтандыру 50 пайызды құрайды».
Ел жастарының денсаулығы үкіметтегілерді алаңдатып отыр. Себебі, 11-14 жастағы балалар жаппай вейп шегетін болған, оған қоса екінің бірі энергетикалық сусынды тұтынады. Сондықтан, жауапты министрлік 21 жасқа дейін энергетикалық сусын мен вейптерге толық тиым салатын заң жобасын әзірлемек.
АЖАР ҒИНИЯТ ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Халықтың салауатты өмір салты дағдысын қалыптастыру мәселесі бар. Елімізде ересектердің 21% темекі тартады, балалардың 20% артық салмақтан, ал 6% семіздіктен зардап шегеді. 11-15 жастағы балалардың тұрақты түрде вейп шегетіндер – 10%, энергетикалық және тәтті сусындарды ішетіндер – 17,5%, артық салмақтың болуы – 15%. Зерттеулер бойынша».
Айтпақшы, енді онкология мен туберкулезді ерте анықтаған дәрігерлер жалақысына қосымша үстемақы төленеді. 5 айлық есептік көрсеткіш. 18 мың теңгеге жуық ақша қоса беріледі. Республика бойынша дәрігерлерді ынталандыратын осындай пилоттық жоба басталды.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Тиісті кадрлармен, бірінші кезекте аса қажет мамандармен қамтамасыз ету үшін медициналық университеттер және колледж түлектерімен бірге тәжірибелі мамандарды да өңірлерге, әсіресе ауылдық жерлерге тарту мәселесін пысықтау қажет. Көріп отырғанымыздай, жұмыстар әлі де жеткіліксіз. Ынталандырудың жаңа әдістерін әзірлеу керек».
Одан бөлек, бүгін үкіметте экологияны қорғауға қоқысты жинау және оны өңдеу мәселесі талқыланды. Бұдан былай балабақшадан бастап барлық университеттерде жастарды қоқыс мәдениетіне үйрететін болады. Рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастағандарға жаза қатаңдатылады. Егер екінші рет қайталаса айыппұл мөлшері екі есеге қымбат болады.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі».
Жиын соңында Әлихан Смайылов қоқысты қайта өңдеу үшін дамыған мемлекеттердегідей түтін мен иіс шығармайтын жаңа технологияларды пайдалану керектігін баса айтты. Қоқыс мәдениетін қалыптастыру жұмыстарын экология министрлігіне және Роман Склярға тапсырды. Оның сұрауы жыл соңында болатынын ескертті.