"
125 теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан өтеді. Оның ішінде Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларындағы әуежайда жаңа терминал салынады. Енді туристік топтар үшін жедел паспорттық бақылау енгізіледі. Ол дегеніңіз Қазақстанға келген туристер үшін паспорттық бақылаудан өту уақыты 5 есеге қысқарады деген сөз. Бүгін Үкіметте министрлер кабинеті отандық туризмнің даму аяқ алысы мен келешегі туралы сөз өтті.
Отандық туризмнің ақсап тұрғаны көптен айтылып келеді. Мәселе бір емес бірнеше рет көтерілді. Енді Үкімет туризмді дамытуды мықтап қолға алғандай. Мемлекет тарапынан барынша инвесторларға қолдау көрсетілетін болады. Қолға алынған жобалар да көп. Мәселен, Алматы қаласы мен Алматы облысында тау кластерін дамыту жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Ал, Ақтау маңындағы “Жылы жағажай” аумағында бес жұлдызды қонақ үй мен тақырыптық ойын-сауық паркі салынбақшы. Одан бөлек, балалар мен отбасылық туризмді дамытуды үкімет ерекше қолдап отыр. Жақын жылдары елімізде инклюзивті курорттар желісі дамитын болады.
МҰРАТ ҚАРАТАЙ PIONEER ОТБАСЫЛЫҚ КУРОРТЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Бүгінде Қазақстанда балалар мен отбасылық туризмді дамыту мәселесі өзекті, жыл сайын ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны артып келеді, олардың саны 300 мыңнан асады. Егер мемлекет базалық тау инфрақұрылымын қамтамасыз етсе, Альпі елдерінде ғасырлар бойы қалыптасқан мұндай отбасылық бизнес-кейстер біздің елімізде одан да көп болар еді. Қазақстан біргегей табиғи ресурстарға ие бола отырып, дәл осындай бағытта дамуы тиіс деп сенеміз. Тауға шығу барлық балалар үшін қолжетімді әрі қауіпсіз болуы керек. Біздің бағдарламаларымыз арқылы 6 мыңнан астам бала өтті. 100-ден астам инструктор дайындадық. Дүниежүзілік банктің қолдауымен ғылыми зерттеу жүргізілді. Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл – алғаш рет сөйлеген, жүрген, қарым-қатынасқа түсе бастаған балалар. Бұл – үміті қайта оянған отбасылар».
Күре жолдың бойындағы дәмханалар мен жанармай құю бекеттерінің жұмысы да Үкіметте көтеріліп, сөз болды. Премьер-Министр Олжас Бектенов жол бойындағы сервисті жақсарту міндетін қойды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Көлік, Сауда, Ұлттық экономика, Туризм министрліктері мен әкімдіктер жол бойындағы сервисті жақсарту жұмыстарын жалғастырсын. Күре жолдың бойындағы дәмханалар, жанармай құю бекеттері мен техникалық қызмет көрсету станциялары қабылданған стандарттарға сай болуы керек. Сондай-ақ осы бизнесте жұмыс істейтін кәсіпкерлерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырамын. Бұл ретте туристердің қауіпсіздігін арттыруға ерекше назар аударылсын. Бүкіл инфрақұрылымға – әуежайлардан бастап қонақ үйлерге, сауда нүктелеріне, тамақтану орындарына, концерт алаңдарына дейін – қауіпсіздік пен жайлылық тұрғысынан ревизия жүргізілуі қажет».
Айтпақшы, көптен көтеріліп келе жатқан әжетхана мәселесі биыл толық өз шешімін табады деп сендірді жауапты министрлік өкілдері. Қазіргі таңда 300-ден астам әжетхана орнатылып қойған.