Жаппай декларациядан кімдер босатылды? Енді мектептегі балаларды сапасыз тамақтандырғаны үшін кімдер жауапкершлікке тартылады? Біріңғай уақыт белдеуі «сағат тілі» қайта кері ауыса ма? Бүгін Үкімет мүшелері осы сауалдарға жауап іздеді. Үкімет отырысынан толығырақ тілші тарқатады. 

Жаппай декларациялау басталғалы 4 млн-нан астам қазақстандық есеп тапсырып үлгеріпті. Олар: мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор мен бизнес өкілдері. Ал, келер жылдан бастап, жаппай ел азаматтары декларация тапсыруы тиіс еді. Алайда, бүгін үкімет күтпеген мәлімдеме жасады. Жоғарыда аталған санатқа жатпайтындар, яғни студенттер мен зейнеткерлер және үй қызметіндегі адамдар есеп бермейді. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «2025 жылы барлық қалған санаттағы азаматтар декларация тапсырады деп жоспарланған болатын. Бұған халық алаңдаушылық білдірді, сондықтан аталған мәселеге Мемлекет басшысы өзінің назарын аударды. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың деректер базасы барынша цифрландырылған. Қаржылық және валюталық бақылау күшейтілді. Халықаралық келісімдер шеңберінде шоттар бойынша деректер алмасу жолға қойылды. Цифрлық қызметтер кең таралған. Сондықтан жалпы алғанда, жеке тұлғалардың активтері бойынша барлық ақпарат бар».

Мектеп асханаларына енді үкімет деңгейінде назар аударылып, тексеріс күшейетін болды. Себебі, соңғы кездері сапасыз асқа қатысты арыз-шағым көбейген. Ал, балалардың жейтін тамағы ол бәрінен де маңызды. Сондықтан енді, мектептегі тамақтану үшін шенеуніктер жауап береді. Егер, сапаға сай келмейтіні анықталса, онда олар әкімшілік жазаға тартылады. 

ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ  ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: «Мониторинг кезінде, Жамбыл, Маңғыстау, Алматы, Атырау облыстарының және Шымкент қаласы әкімдіктерінің тарапынан мектептерде сапалы тамақтануды ұйымдастыруға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей отырғандығы анықталды. Бұл аталған өңірлердегі әкімдіктердің тамақтандыру сапасына ерекше назар аударып, бақылауды күшейту қажеттілігін көрсетеді».

Айтпақшы, талай мәрте көтеріліп, халық сынына ұшыраған біріңғай уақыт белдеуіне қатысты жауапты министрлік мәселенің нүктесін қойды. Айтуынша, бұндай жаңашылдық ел азаматтарына кері әсер етпеген. Зерттеу оң нәтиже көрсетті дейді. Министрдің сөзін үкімет басшысы да қолдады. Сонымен, елімізде «сағат тілі» қайтадан кері ауыспайтын болды. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Уақыт белдеуі бойынша сауда министрі өз баяндамасында қолданыстағы уақыт белдеуіне қатысты жан-жақты дәлелдерді келтіре отырып, нақты жауап берді. Үкімет бұл шешімді қолдайды. Біз бірыңғай уақыт белдеуіне бекерден бекер ауысқан жоқпыз. Ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде орналасқан. Сондықтан, бұл ғылыми тұрғыдан дұрыс шешім. Сауда, ақпарат министрлігіне жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырамын».

Айта кетейік, Қазақстан биыл 1 наурыздан бастап біріңғай уақыт белдеуіне көшкен болатын.