Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасының жариялануы – жай ғана құқықтық құжаттың жаңартылуы емес. Бұл – елдің болашағына қатысты ұжымдық таңдау, тарихи сәт. Конституция – мемлекеттің айнасы. Онда биліктің ғана емес, қоғамның да бет-бейнесі көрінеді.

Соңғы жылдары Қазақстан күрделі кезеңдерден өтті. Әлеуметтік әділеттілікке деген сұраныс, азаматтардың саяси белсенділігінің артуы, «еститін мемлекет» тұжырымдамасының өміршеңдігі – барлығы да негізгі заңды қайта қарау қажеттігін көрсетті. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы – уақыттың өзі қойған талапқа берілген жауап.

Жобада адам мен оның құқықтары ең жоғары құндылық ретінде айқындалуы – қоғамның ұзақ жылдар бойы айтылып келген үмітінің заңдық көрінісі. Мемлекет енді тек басқарушы құрылым ғана емес, азаматтың құқығы мен еркіндігін қорғаушы институт ретінде бекітілуі тиіс деген идея алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл – формальды ұран емес, нақты іске асуы қажет қағида.

Сонымен қатар, билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі, жауапкершілік пен ашықтық мәселесі де Конституциялық деңгейде қайта қаралуда. Бұл – бір орталыққа шоғырланған биліктен институттарға сүйенген мемлекетке көшуге деген ұмтылыс. Алайда мұндай өзгерістер қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты саяси мәдениетке айналуы аса маңызды.

Жаңа Конституция жобасының басты ерекшелігі – оның қоғамдық талқылауға ашық ұсынылуы. Бұл – азаматтарға сенім білдірудің белгісі. Ендігі жауапкершілік тек билікке ғана емес, қоғамның өзіне де жүктеледі. Себебі Конституция – тек заңгерлер мен саясаткерлердің емес, әрбір азаматтың өміріне тікелей әсер ететін құжат.

Дегенмен, кез келген реформаның табысы оның мәтінімен емес, орындалуымен өлшенеді. Егер жаңа Конституция қоғамның сұранысына сай жұмыс істесе, ол елді біріктіретін күшке айналады. Ал егер ол декларативті сипатта қалса, сенім дағдарысы тереңдей түсуі мүмкін.

Сондықтан бүгінгі басты міндет – бұл құжатты қабылдау ғана емес, оны саналы түрде түсіну, талқылау және қабылдау. Жаңа Конституция – жаңа мүмкіндіктермен қатар, жаңа жауапкершілік те жүктейді. Бұл жауапкершілік мемлекетке де, қоғамға да ортақ.

Тарих бізге тағы бір мүмкіндік беріп отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, ассоц.профессор Ж.Б.Саткенова

А. Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, PhD А.А. Аккузова