"

Жаңа оқу жылындағы жатақхана жыры басталды. Елімізде 19 мың білімгер студенттер үйіне жайғаса алмай жүр. Бұл туралы «Қаржы орталығының» мамандары мәлім етті. 

Айдана Дәулетхан - Талдықорған жоғары медициналық колледжінің студенті. 9 - сыныпты аяқтай сала, оқу орынына қабылданған білімгер медбике болуды армандайды. Бүгінде жоғары медициналық колледж жатақханасына орналасқан. Айтуынша, мұндағы жағдайы көңіл көншітерлік.

АЙДАНА ДӘУЛЕТХАН  1 КУРС СТУДЕНТІ:
«Мені бірден орналастырды,өзінің керекті жерлеріне қол қойып жаңағы өтініш толтыру деген сияқты.Артынша бірден осы комнатаның кілтін берді. Барлығы жақсы, ұнайды, условияға сай. Өте керемет».

Иә, бұл жатақхана Айданаға бұйырғанмен талай студентке арман болып отыр. Алматы облысы, Жетіген ауылынан келген Медет Мұхамедханов 3 курс оқитын қызын жатақханаға орналастыра алмай әлекке түскен. Оқу ордасы бірінші кезекте, жаңа түскен студенттерді жатақханамен қамтуға тырысады. Ал жоғарғы курс студенттеріне баспана мәселесін шешу қиынға түседі дейді ол.

МЕДЕТ МҰХАМЕДХАНОВ  АТА-АНА:
«1-2 курсты орналастырып алайық, содан кейін береміз деді. Енді соны күтіп отырмыз, 25-інен бастап жүрміз. Негізі общяға жайлы, чем квартира. Квартира қымбат кәзір, оған жағдай келмейді, енді күтіп отырмыз».

Биыл Талдықорған жоғары медициналық колледжіне 600-ге жуық бала қабылданған. Оның жартысына дерлік жатын орын керек. 280 орындық жатақханаға 110 студент жайғасыпты. Десе де, мамандар орын тапшылығы бар екендігін жасырмады.

АЗАМАТ ҚАДЫРБЕКОВ  ТАЛДЫҚОРҒАН ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ МЕҢГЕРУШІСІ:

«Қазіргі таңда біздің колледжде орын 280ғана болғандықтан, одан артық біз қабылдай алмаймыз. Оның шешімі қандай, біз Агротехникалық колледжбен келісіп, 100 орын сұрадық. Енді оған әрине, біз қалғандарын сыйдыруға тырысамыз».

Ал, жатақханадан орын бұйырмаған білімгерлер, пәтер жалдауға мәжбүр. Биыл жалдамалы пәтер бағасының да шарықтап кеткені белгілі. Жайлы үй жалдауға шамасы жетпеген кей студенттер туысқандарын жағалап кеткен. Жылжымайтын мүлік агенттігінің мамандары былтырғы жылмен салыстырғанда тұрғын үй бағасы 10-15 пайызға өскендігін айтады.

АЙДЫН ҚАПАРЖАНОВ  "АМАНАТ" ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК АГЕНТТІГІНІҢ МАМАНЫ:
«Қазіргі кезде күніне 10-шақты адам звондайды, квартира сұрап. Дегенмен біз оларға квартира тауып бере алмай жатырмыз. Себебі қымбат. 1 комнатаның өзі 60 мыңнан басталады, 2 комната 100-120 и одан жоғары».

Жалпы, облыста 26 арнаулы орта оқу орыны бар.Оның 5-еуі жеке меншік. Барлығы 15 мыңға жуық білімгер білім алады. Сала мамандары жатақханамен мәселе жоқ дегенді айтып отыр.Мәселен, Биылғы оқу жылында қаладағы Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде 100 орындық студенттер үйі қолданысқа берілмек.