Жер сілкінісін алдын ала болжау еш мүмкін емес. Бүгін үкімет отырысында төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов осылай деді. Табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра алмаймыз, тек алдын алу жұмыстары мен халықты үрейге бой алдырмас үшін оқыту шараларын ғана жасау қолдан келеді дейді. Кеше Алматыда дабыл сиренасы іске қосылып, дер арада жедел штаб ашылды. Үш мыңға жуық адам қабылдау пунктеріне орналастырылды. Оның ішінде 906 бала бар. Ағымдағы сағатта қалада ахуал тұрақты. Арнайы комиссия қираған ғимараттарды анықтау бойынша тексеріс жүргізіп жатыр.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ МИНИСТРІ: «Жер сілкінісін кез келген төтенше жағдай сияқты алдын ала болжау мүмкін емес.Осыған байланысты министрлік оның алдын алу және халықты бірінші кезектегі әрекетке дайындау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұл жолы халықтың көп бөлігі үрейге ұшыраған жоқ. Жедел топ қаладағы 8 мыңға жуық ауланы аралап, білім беру объектілерінде 650-ден аса сабақ өткізді. Адамдар көп жиналатын орындарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жадынама таратты. Кеше менің бұйрығыммен халықты оқыту және жер сілкінісі кезінде практикалық әрекеттерді пысықтау үшін Алматыға Ұзынағаштан әскери қызметшілер жіберілді. Қазір еліміз бойынша сеймикалық жағдай тұрақты».
Ерболат Досаевтың айтуынша биыл мамыр айының соңында Алматыда құны 475 млн теңге болатын жер сілкінісі кезінде шұғыл хабар тарататын арнайы жүйе іске қосылады. Бұл құрылғының артықшылығы барлық абонент үшін жедел әрі жаппай тез арада хабар таратады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов «бағымызға қарай, бұл жолы айтарлықтай зардап болған жоқ». Алайда, арқаны кеңге салатын кез емес, қашан да төтенше жағдайлар министрлігі мен жауапты күштік құрылымдар сақадай сай болуы тиіс деді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Бағымызға қарай, айтарлықтай зардаптар болған жоқ. Қазір орын алған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек екенін айтады. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдаңыздар».