АҚШ Жоғарғы соты 2 қазанда экс-президент Дональд Трампты 2024 жылғы президенттік сайлауға қатысудан шеттетуді қарастырудан бас тартты.

Сотқа жүгінген Республикалық партияның президенттікке кандидаты Джон Энтони Кастро. Ол Трамп 2021 жылдың 6 қаңтарында Капитолийді басып алған қылмыскерлерге көмек көрсетті деп мәлімдеді. Кастро бұл мәлімдемесін АҚШ Конституциясының 14-ші түзетуіне сүйене отырып жасады. Онда кез-келген шенеунік көтеріліске, не бүлікке қатысса немесе бүлікшілерге көмек көрсетсе, Мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылады делінген. Сот бұл талапты ешқандай түсінік берместен қабылдамады. 14-ші түзету XIX ғасырдың ортасында қабылданған. Ол бұрынғы конфедераттарға қарсы екі рет қана қолданылған. Сонымен қатар, Дональд Трамп Нью-Йоркте азаматтық іс бойынша алаяқтық жасады деген күдікпен сотқа тартылды. Демократиялық партияның мүшесі Летиция Джеймс өзінің сот ісінде экс-президентті, оның ұлдары мен қызметкерлерін көптеген жылдар бойы Tramp Organization холдингінің құнын көтеріп, несиелер мен сақтандыру бойынша жақсы шарттар алды деп айыптады. Отырыс барысында Трамп судья мен прокурорға сын айтып, процесті "жалмауыздарға аңшылық" деп атады. Ол сондай-ақ судьяны қызметінен айыру керек деді.

ДОНАЛЬД ТРАМП — АҚШ-ТЫҢ ЭКС ПРЕЗИДЕНТІ
"Ешқандай проблема болған жоқ. Барлығы тамаша өткен. Қылмыс жоқ. Қайта қылмыс маған қарсы жасалуда. Өйткені бізде жемқор прокурор бар. Бізде жемқор Бас прокурор бар. Мұның бәрі Вашингтондағы АҚШ Әділет министрлігінен келеді, өйткені мен Байденнен он ұпайға озып, республикашыл кандидаттардан 50 немесе 60 ұпайға озып кеттім".

Айта кету керек, судья Артур Энгорон Трампты алаяқтық ісі бойынша кінәлі деп таныды. Енді отырыс бұрынғы президенттің қандай жазаға тартылуы керек екеніне назар аударады. Трамп темір торға тоғытылмайды. Алайда, прокурор Трампқа 250 миллион доллар айыппұл салып, Нью-Йоркте бизнес жүргізуге тыйым салуды талап етуде. Іс бірнеше айға созылуы мүмкін және Дональд Трампты екінші президенттік мерзімге ұсыну процесіне әсер етуі екіталай.