Жүргізуші куәлігін алу және көлікті тіркеу бойынша құжатқа 53 түзету енгізілді. Назар салыңыз! Енді бұдан былай рөлге отырамын десеңіз, автомектепте оқуыңыз міндетті. Себебі, соңғы жылдары жүргізуші куәлігін жаңадан алғандар ережені бұзып, жол-көлік апатына көп түседі. Одан бөлек, енді басқа аймаққа көшсеңіз, жоғары сұранысқа ие нөміріңізді өзіңізде қалдыра аласыз. Сонымен қатар дәл осындай нөмірлерді жақын туыстарыңызға, яғни ата-анаңызға, бауырларыңызға, балаларыңыз немесе жұбайыңызға қайта рәсімдей аласыз. Бұл туралы ішкі істер министрінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты. 

ШЫҢҒЫС АЛЕКЕШЕВ ҚР ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ: «Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында автокөліктерді сату-сатып алу келісімін нотариалды куәландыру бойынша талап қайтарылды. Дәл осы мақсатта көлікті бастапқы тіркеу немесе кузовты ауыстыру, қайта жабдықтау немесе оның түсін ауыстыру барысында міндетті түрде криминалистер тарапынан көліктің тексерілуі енгізілді».