«Зауыт жабылсын!». Осылай деген Шымырлықтар бүгін ауыл маңындағы тас-құм өндіруші мекеменің алдына жиналды. Тұрғындарға тек тонналап топырақ алынып жатқан карьердің жабылғаны керек. Қарашаның арыз-шағымын естуге салаға жауапты тұлғалар да қатысты. Жетісу облысында орын алған жағдайға кезек берсек.
Жетісудағы жеті өзеннің бірі – Қаратал. Ол Алатаудың мұздықтарынан бастау алып, Балқашқа құяды. Десе де, бүгінде өзен маңы ойылып, суы тартыла бастаған. Оған себеп – су арнасының бойына зауыттардың салынуы. Тұрғындардың айтуынша, сала мамандары жағалауларды қазып, топырақ алады. Салдарынан жазда мал жаярға жер табылмайды. Онымен қоса, желмен келетін шаң да қолайсыздық тудырады. Ең бастысы - өзен арнасына зиянын тигізуде.
РУСЛАН САҒАТБЕК АУДАН ТҰРҒЫНЫ: «Дробилька 500 метр болуы керек. Заң бойынша бұнда 100-150 метр. Шаңды су шығып жатыр. Балалардың ұйқысы да жоқ. Қанша болды, бұл мәселеге. Енді шешіледі деп ойлаймыз».
ЖАНАТ САРҒАЛДАҚОВ АУДАН ТҰРҒЫНЫ: «Бүгінгі күні біз нақты жауапты естуге келгенбіз. Бізге тек сұрағымызға жауап керек!»
Базынасын арқалап жұрт талай рет әкімдікке де барған. Бірақ, еш нәтиже болмапты. Тұрғындар мәселенің шешімін күте-күте шаршағандарын айтады.
ЖҰМАҒҰЛ ӘЛІМБЕКОВ АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Ауданның құзыретіне жатпайды бұл. Себебі мына жерді берген облыстық кәсіпкерлік бөлімі, қаулы облыстан шыққан».
Ал, салаға жауаптылар жеке кәсіпкердің жұмысына тосқауыл қоя алмайтындықтарын айтып ақталады. Себебі, олар жүктелген міндеттемелерді толығымен орындаған. Десе де, тұрғындардың өтінішін қайта қарап, өз бақылауымызға аламыз деп сендірді.
ДИАС КӘРИЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕР ҚОЙНАУЛАРЫН ПАЙДАЛАНУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Сіздердің өтініштеріңіз бойынша өкілетті органдар тиісті бағасын бергеннен кейін, біздің тараптан шара қолданылады. Ал, оған дейін, бұл кісілер өз тараптарынан қаржылық міндеттемелерін, өз құқықтарын орындап жатыр. Оған біз ештеңе дей алмаймыз».
БЕКЗАТ ИРУЗАКОВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСТЫҚ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Шымыр ауылының ұжымдық өтініші кәсіпкерге қатысты заң талаптарын бұзу дерегі бойынша жазған өтініштері 11 қазан 2023 жылы прок органдарына келген. Әрине өтініштерді қарау тәртібі арқылы біз уәкілетті органдарга жолдап, бақылауда ұстаймыз».
Құзырлы орган өкілдері жиын соңында тексеріс жұмыстары аяқталғанша «Али Бастау Арна» ЖШС 2 аптаға жұмысын тоқтатындығын айтты. Ал, қарашаның арыз-шағымы жуық арада жіті сараланады.