Бүгінде зейнеткерлерге қоңырау шалып, өздерін туыстары ретінде таныстыратын алаяқтардың саны азаймай тұр. Қаскөйлердің басым бөлігі жол-көлік оқиғасына тап болғанын айтып, проблемаларын шешу үшін қомақты қаражат сұрайды. Петропавлдың 78 жастағы тұрғыны да дәл осындай жағдайға тап болған. Полицейлер зейнеткердің 1 млн теңгесін жымқырған алаяқты ұстады. Оған қатысты сот отырысы өтті.
Зейнеткерге қызының жол-көлік оқиғасына тап болғаны туралы қоңырау 24 тамыз күні келіп түскен. Телефон тұтқасынан көмек сұраған қызының дауысын естігенде егде жастағы әйел бірден абдырап қалған. Кейін оған өзін прокурормын деп таныстырған әйел заңмен байланысты проблема туындағанын, оны шешу үшін қомақты қаржы керегін айтады.
СВЕТЛАНА ЛУНЕВА ЖӘБІРЛЕНУШІ: «Анашым мен жол-көлік оқиғасына түстім. Қабырғаларым сынды. Енді зардап шеккен тарап мені сотқа бергісі келеді» – деді. Менде олар сұраған қаражат болмады. Бар жиған-тергенімді берейін деп шештім. Олар курьер келетінін, тұтқаны қоймауымды сұрады».
Зейнеткер өзінің алданғанын тек таңертең қызына қоңырау шалған кезде түсінген. Сосын бірден полиция қызметкерлеріне қоңырау шалған. Күдікті курьер Александр Житаев бірден қолға түсті. 34 жастағы Петропавл тұрғыны бұл жұмысты телеграмм месенджерінен тапқанын, қаражатты басқа адамға аударғанын айтып, өз кінәсін мойындап отыр. Күдікті бұдан бөлек тағы бірнеше зейнеткерді сан соқтырған.
АЗАМАТ ҚАРАПОВ ҚОРҒАУШЫ: Айыпталушы бұған дейін сотталмаған. Ешбір органда есепте тұрған жоқ. Өз кінәсін толығымен мойындап отыр. Жасаған ісіне өкінеді. Сондықтан үкім шығарар кезде аталған фактілерді ескіруіңізді сұраймыз».
Сот Александр Житаевты орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, төрт жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты. Зардап шеккендерге келтірілген шығынды толығымен өтейді. Еске сала кетейік, егде жастағы адамдар алаяқтардың мұндай қақпанына жиі түсіп қалып жатады. Жыл басынан бері елде 15 мыңнан астам интернет-қылмыс тіркелген.