"

Ақмола облысының курортты аймағының бірі саналатын Зеренді өңірінде  құсбегілік пен қазақы құмай тазылар арасында «Шырға тарту» жарысынан ашық турнир өтті. Оған облыстың аудандарымен қатар еліміздің бірнеше аймағынан бүркіт пен тазы иелері қатысты. Жетпіске жуық қатысушы жануарлары мен құстарының шеберлігін, алғырлығын көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. 

Ашық турнир осымен екінші рет өтіп отыр. Ұйымдастырушылар ата-бабадан мұра болып қалған ерекше өнерді жастарға насихаттауды көздейді. Сонымен бірге өскелең ұрпақтың қызығушылығын ояту, құсбегілер мен құмай тазы асыраушыларға қолдау білдіру. 

ТОҚТАР ЕКПІН, ШАРАНЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ Осы жарыс жалғасын таба берсе деген ниетіміз бар. Және де біздің осы Зеренді районынан үлгі алып, басқа аудандардағы басшылар да қолға алса деген ниетіміз бар. Енді бұл дүние бізге керек, қазаққа керек. Басқа ешкімге керек емес. Сондықтан да, осы дәстүріміз өліп кетпесе екен деген ниеттеміз. 

Турнир қатысушылары Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласынан келген. Қарағандыдан ат терлетіп келгендердің бірі Рамазан Усеев. 76 жастағы ақсақалдың тазы асыраумен айналысып жүргеніне 70 жыл. Қазірде балаларын, немере, жиендерін осы өнерге баулып жүр. Өзінің Зерен және Зымыран атты қос тазысы бар. 

РАМАЗАН УСЕЕВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ Талай приздар алдым, талай жерлерде болдым. Ендігі арманым осы қазақтың тазысын әлем таныса екен. әлем танып, қазақтың тазысы деген атаққа ие болса екен деген арман бар. Күнде емес, демалысына 1-2 рет аңға шығып тұрамын. Күнде ала бермейсің, анда-санда. Қоян, түлкі, борсық алып келеміз. 

Турнир қатысушыларының ішінде әсіресе ерекшеленіп, көзімізге оттай басылғандардың бірі Асыл есімді жас келіншек. Көбіне, ер азаматтарға тән өнер түрімен нәзік жандылардың айналысуы, әрине, ерекше құбылыс. Асыл Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданының намысын қорғап келген. Өзі мұғалім. Кішкентайынан аттың құлағында ойнайды. Ал, соңғы жылдары тазыға деген қызығушылығы оянып, итбегілікке де бет бұрған көрінеді. 

АСЫЛ АХМЕТОВА, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ Бірінші рет қатысып көрейін деп жатырмын. Ешқандай дайындықсыз. Енді көреміз қалай болатынын. Осындай іс-шаралардың өітп жатқаны өте қуантады. Өйткені, біздің солтүстік өңірде мұндай нәрселер өте аз. Біздің ұлттық құндылықтарымызды, рухани байлығымызды көтеретіндей, жастарымызға үлгі болатындай. Және де осындай ұйымдастырушыларды қолдау ретінде біз бүгінгі күні келіп тұрмыз, осындай іс-шараларды өткізбеуге тырысамыз.

Бүркіт ұстап, аңшылыққа шығуды сүйікті ісіне айналдырғандардың бірі зеренділік Сейілбек Жақашев. Осы күні 14 жасар қызы Аяжанды да жанынан бір елі тастамайтын болған. Онысы өскелең ұрпақ ұлттық өнерді білсін, қазақылыққа жақын болсын дегені. 

СЕЙІЛБЕК ЖАҚАШЕВ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ Құсымның аты Дос. 1 жаста. Құстың тілімен айтқанда балапан. Міне, тірнек деген жасқа екінші жылға шығып жатыр. Бұл құспен халықаралық фестивальға қатысып келдік. Қазақстан чемпионатына қатыстық. Осы құсты дайындарда өзімнің үлкен қызым Аяжан маған көп қолғабыс. Құдай қаласа енді алдағы уақытта құсбегілік өнерге баулып жатқан жайым бар. Бүгін, міне, келіп қатысып жатқан алғашқы жарысы. 

Турнир шартына сай құсбегілер үш кезең бойынша бақ сынады. Қолға шақыру, шырға тарту және қоян алу, ал құмай тазылар шырға тарту бойынша сынға түсті. Әр қатысушының аталмыш жарысқа тыңғылықты әзірленгені байқалады. Әр қайсы бүркіті мен тазысын әбден сайлаған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгеден астам. Жүлде мен ұйымдастыру жұмыстарына қажетті қаражатты жергілікті аудандық әкімдігі мен демеушілер бөлген. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта мұндай шараларды жиі өткізіп, республикалық, одан қалды халықаралық деңгейге шығуды көздейді.