Йемен - су ең көп жетіспейтін елдердің бірі.Соның салдарынан 10 жасар Әли күн сайын есекпен құдықтан су  тасуға мәжбүр.Ол тұратын аймақ климаттың өзгеруінен болған құрғақшылықтан қатты зардап шеккен.

Әлидің анасы ұлының әкелген суы бір күнде таусылатындықтан ол күніне бірнеше рет баратынын айтады. Сондықтан ұлының күн тәртібі өте тығыз.

АИША ӘЛ-ХАРАЗИ  ӘЛИДІҢ АНАСЫ: "Ол таңертең оянады, жуынады, қойларды жайылымға шығарады, содан кейін қойларды қайтарып, мектепке барады. Мектептен қайтып оралған соң ол біз үшін су тасиды. Одан  кейін ғана түскі ас ішеді, қойларды жайып, тауға апарып, күн батқанда қойлармен бірге қайтады ".

Ауыз суды құдықтардан тасудан бөлек адамдар жаңбыр суын жинаудың дәстүрлі әдістерін пайдалана бастады. Бұл ауданда қаладан  шамамен 40 шақырым жерде арнайы шағын су жинағыш салынған. Оған шамамен 10 мың адам, сондай-ақ үй малы тәуелді.

МҰХАММЕД ХУСЕЙН – ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН: "Барлық фермалар аңғардың соңына дейін осы бөгеттен пайда табады. Одан барлығы да, тіпті ірі қара мал мен қой да ұтады".

БҰҰ мәліметінше, Йеменде 14,5 миллионға жуық адам таза ауыз су мен кәрізге қол жеткізе алмай отыр. Сондықтан да мұнда  осындай су жинағыштар салынуда. Жобаның менеджері атап өткендей, таулы аймақта адамдар жер асты суларына сеніп қарап отыра алмайды.
 
ЯХЬЯ ТАХИР – ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ: "Бұл ауылда ішуге қолайлы жер асты сулары жоқ. Олар үшін жаңбыр суын жинайтын тоған салуға тура келді ".

Ғалымдардың айтуынша, мұндай жобалардың өзі мәселені түбегейлі шешуге көмектеспейді. Олар алдағы жылдары құрғақшылық пен халықтың өсуі Йеменнің су жүйесіне барған сайын қысым жасайтынын атап өтті.