Израильден 124 қазақстандық елге оралды. Тель-Авив қаласына отандастарымызды алып қайтуға репатриациялық рейс ұйымдастырылған болатын. Сол әуе кемесі кеше түнгі сағат 12-ге таман Алматыға келіп қонды. Бортта барлығы 166 жолаушы болды. Оның 42-сі шетелдік. Әуежайда оларды туған-туыстарымен қоса біздің түсіруші топ та қарсы алды.
Алматы әуежайында отандастарымызды қарсы алушылардың қарасы көп болды. Бәрінің тілегі бір еді. Жақындарын аман-есен көру. Солардың бірі Асқаровтар отбасы. Олар апаларын тағатсыздана күтті. Әсіресе, немерелері апаларын қатты сағынған екен.
БАЯН АСҚАРОВА АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Тосып тұрған балаларымның апасының келінімін. Ол кісі жұмыс бабымен кеткен. Көрмегелі бес жарым жыл болды. Кіші немересін апасы туғанан көрмеді. Бірінші кездесуі. Апасы кеткен кезде балалар 2-3 жаста болған. Жетісінен бастап хабарласып тұрдық».
Оттан отанға, ұшақтан құшаққа, жақындарын ұзақ күткендер көздеріне жас алды. Ал, елден жырақта жүрген отандастарымыз туған жерге табан тіреп, жаны жай тапты.
АРТУР КОВАЛЕВСКИЙ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Біз соңғы уақытқа дейін ұрыс аймағынан тез кетеміз деп үміттендік, өйткені мен ешқашан мұндай нәрсені сезінген емеспін – сиренаның жағымсыз даусы, жарылыс өте қорқынышты. Қателеспесем, Қазақстан - өз азаматтарын шұғыл қайтарып алған жалғыз ел. Чат, бәрі-бәрі дереу ашылды. Онда министрліктің, Air Astana-ның қызметкерлері жан-жақты қолдау көрсетті. Сол үшін де алғысымыз шексіз. Өз елімді өте мақтан тұтамын».
Израильде жағдай ушыққан күнен бастап Қазақстан өз азаматтарын эвакуациялаудың жолын қарастырды. Арнайы телефон желісі іске қосылып, Қазақстанның Израильдегі елшілігі елдің түрлі қалаларында қалып қойған отандастарымызбен байланыс орнатты. Ал, Air Astana әуе компаниясы арнайы рейс ұйымдастырды.
АДЕЛЬ ДӘУЛЕТБЕК «Air Astana» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ВИЦЕ- ПРЕЗИДЕНТІ: «Өздеріңіз білетіндей, бұл елдегі жағдай сенбіден бастап күрт нашарлады. Осыған байланысты Air Astana рейстерді тоқтатты. Бүгін ғана эвакуациялық ұшуды жүзеге асыру мүмкін болды. Компания басшылығы азаматтарымызды эвакуациялау үшін шешуші шаралар қабылдады. Біз Тель-Авив әуежайында бірде-бір Қазақстан азаматын қалдырмадық, олардың барлығын алып кеттік. Біз бұл елдегі жағдайды жіті бақылап отырдық. Бұл өте шиеленісті жағдай. Жасыратыны жоқ, қиын қадам болды, өйткені ол жерде іс жүзінде азаматтық рейстер қалмады. Олардың барлығы тоқтатылды. Сондықтан осы рейсті орындағанымызға қуаныштымыз».
Бүгін түнде 166 азамат ұшып келді. Оның 124 – і ҚР азаматы, қалғаны — шетелдіктер. Бірі білім алып, енді бірі жұмыс бабымен жүрген. Кейбірі қонаққа барып қақтығыс ортасында қалып қойыпты. Жолаушыларды ұшаққа отырғызатын кезде басқа күнге алынған билет түгелдей жарамды деп танылды. Билеті жоқ азаматтарға арнайы төмендетілген тариф ұсынылды. Жалпы Израиль мен Қазақстан арасындағы әуе қатынасы 5-ші қазаннан бастап түгелдей тоқтады. Әзірге оның қашан қалпына келері белгісіз.