Алматы қаласында ҚР Көлік министрлігінің, Азаматтық авиация комитетінің және Қазақстанның авиациялық әкімшілігі қолдауымен ИКАО TRIP жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы бойынша аймақтық симпозиумның ашылуы өтті. Вице-министрі Талғат Ластаевтың сөзінше, жақын арада жолаушыларға тіркеу пункті мен шекаралық бақылауға барудың қажеті болмайды. Жолаушыға тек электронды құжаттары мен биометриялық деректерін сканерден өткізетін арнайы аркадан өту жеткілікті болмақ.
«Traveller Identification Programme» деп аталатын аймақтық симпозиум алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отыр. Бұл жолаушыларды сәйкестендіру процесін басқарудың барлық аспектілері бойынша ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін әлемдік деңгейдегі іс-шара. Оның негізгі бағыты – технология мен инновация арқылы жолаушылардың ұтқырлық деңгейін арттыруға бағытталған.
ТАЛҒАТ ЛАСТАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ КӨЛІК ВИЦЕ-МИНИСТРІ: «Қазақстанның авиациялық билігі азаматтық авиацияның қауіпсіз дамуын және әуе транзитінің тартымдылығын арттыруды қамтамасыз етуге ұмтыла отырып, бұл саланы басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу және ұшу қауіпсіздігінің әлемдік стандарттарға сәйкес деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Мұндай жүйені іске қосу үшін заңнаманы синхрондау қажет, яғни, бірінші кезекте биометриялық деректер базасына қол жеткізу, шекара қызметі, кеден қызметі және әуе компаниялары бар жүйелерді біріктіру қажет.Қазіргі уақытта бұл жұмыстар жүргізілуде».
TRIP симпозиумының жұмысына Канада, Франция, Швейцария, Түркия, Катар, Сингапур, Америка Құрама Штаттары, Қытай, Сауд Арабиясы, Австралия және т. б. 30 елден ұсынылған 280-ден астам мамандар бас қосты. Іс-шараға қатысқан барлық мемлекеттік шенеуніктер, сондай-ақ азаматтық авиация субъектілері ИКАО-ның жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасын (TRIP) және онымен байланысты кездесулер туралы тың ақпараттармен хабардар болды.
СИЛЬВЭН ЛЕФУАЙЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ (ИКАО) АВИАЦИЯЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ЖӘНЕ ФОРМАЛЬДЫЛЫҚТЫ ОҢАЙЛАТУ СЕКТОРЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Біздің бірінші мақсатымыз – азаматтарды авиациялық қауіпсіздік тұрғысынан қауіпсіз ұшуды қамтамасыз ету, сондай-ақ ұшулардың экологиялық тазалығы тұрғысынан формальдылықты жеңілдету. Бүгін біз осы іс-шараға әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары деңгейдегі сарапшыларды шақырдық. Бұл біздің Қазақстанды аймақтық және әлемдік аренада танытуға деген ұмтылыстымызды көрсетеді. Сонымен қатар, авиациялық индустриядағы рөлін нығайту үшін Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктерін көрсетуге дайын екенімізді айтқым келеді».
Сонымен қатар, симпозиумға қатысушылар ИКАО-ның ашық кілттер каталогы (PKD) кеңесімен танысты. Оның 9-қосымшасының 75-жылдығы мен маңыздылығының белгісі ретінде 2024 жылды «формальдылықты жеңілдету жылы» деп жариялау туралы шешім қабылдады. Айта кетейік, іс-шара бағдарламасы үш күнге жалғаспақ. Осы уақыт шеңберінде ИКАО-ның TRIP стратегиясының бес элементімен тікелей байланысты 10 сессия өткізу жоспарланған.