Иран Президенті Ибрахим Раиси мен сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдері мінген тікұшақ апатқа ұшырап, ондағы адамдардың бәрі қаза тапты.
Иран тауларында іздеу операциясы аяқталды. Жексенбі күні осы жерде Иран президенті Ибрахим Раиси және Сыртқы істер министрі Хоссейн Амир-Абдоллахян, Шығыс Әзірбайжан губернаторы Малик Рахмат және тағы бірнеше адам мінген тікұшақ апатқа ұшырады.
Вице-президент Мохаммад Мохбер бұл ақпаратты растады. Құлаған тікұшақтың жанған сынықтары таңертең Әзербайжанмен шекарадағы таулы жерде табылды. Апаттың себебі әлі аталған жоқ.
Енді Иран билігі 50 күн ішінде жаңа президентті сайлауы керек. Бұл да елдің ата заңында көрсетілген. Келесі басшының сайлауын ұйымдастыру вице-президент пен парламент спикеріне және сот билігінің басшысына жүктелген.
Иран Конституциясының 131-бабына сәйкес, президент қайтыс болған жағдайда оның өкілеттігі бірінші орынбасарына өтеді. 2021 жылдан бері бұл қызметті Мохаммад Мохбер атқарып келеді. Раиси сол жылдан бастап елді басқарды. Кейбір сарапшылар оның Иранның рухани көсемі, 85 жастағы аятолла Әли Хаменеидің орнына келеді деп болжаған болатын.
Сыртқы саясат пен Иранның ядролық бағдарламасына қатысты соңғы сөзді айтатын, түпкілікті билікке ие болған Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеи ирандықтарды тыныштандыруға тырысты. Ол мемлекеттік мекемелердің жұмысында ешқандай іркіліс болмайтынын мәлімдеді.