Қазақ әдебиетіне аты алтын әріптермен жазылған,қабырғалы қаламгер Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы қасиетті мекен Қаратал өңірінде аталып өтті. Көрнекті қаламгерге деген халқының ыстық ықыласының куәсі болып қайттық.
Аттан аттың несі артық,адымдап басқан ізі артық, Ерден ердің несі артық халқына жаққан ісі артық деген тегеурінді теңеу кемеңгер тұлға Кемел Тоқаевқа арналғандай. Тұлғасын дәріптеуге, ғасыр толтырған мерейтойға еңкейген қарттан еңбектеген балаға дейін жиылғаны осыны аңғартып тұр. Бұл күні Кемеңгер тұлғаның әруағына арналып құран бағышталды. Бата беріліп, естеліктер де айтылды.
БЕЙБІТ ИСАБАЕВ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Дана халқымыз «жақсы адам – ел ырысы, жақсы сөз – жан тынысы» дейді. Кемел Тоқаевтың бейнесі шұғылалы да, ұстамды адами болмысымен шырайлы да сүбегейлі шығармаларымен ел-жұртының жадында мәңгі ұялап қалды. Өлмейтұғын артына сөз қалдырған деп хәкім Абай айтпақшы Талдықорған және Үштөбе қалаларындағы көшелерге Кемел тоқаевтың есімі берілді. Елімізді классик жазушымыздың құрметіне әдеби байқаулар тұрақты өткізіліп келеді».
Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қордың ұйымдастыруымен детектив жанрында құқық тақырыбында қалам тартып жүрген отандық авторлардың шығармаларын қолдау және насихаттау мақсатында Кемел қаламгер атты Республикалық шығармашылық байқау жарияланған болатын. Мерекелік шарада үздік деп танылған жеңімпаздар марапатталды.
ДАРХАН РАЗБАЙҰЛЫ ЖУРНАЛИСТ
НҰРЛАН ОРАЗАЛИН АҚЫН,ДРАМАТУРГ: «Сөз дейтін өнер халықпен бірге жасасып келе жатқан,халықтың ұлы тарихын арғы бергі бастан өткерген кезеңдерін біздің қазақ қана емес жалпы әлем, адамзат баласы сөздің қағазға түскен бағасымен өлшейді. Кемел Тоқаев ағамыз тірі болса 100 ге келетін еді бүгін. 100 ге келіп әлемді билеп отырған қаншама тұлғалар бар. Кемел Тоқаевтың бүгінгі рухына бағыштып мына Жетісудың төрінде,Ескелді бидің сөзі аспанын кезіп жүрген өлкеде осындай бір жиынның өтіп жатқаны бұл халықтың сөзге деген ықылас пейілін әдебиетке деген пейілін аңғартады».
СМАҒҰЛ ЕЛУБАЙ ЖАЗУШЫ: «Бүгін Үштөбенің Жаңаталап ауылында халқымызға белгілі жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына арналған ас беріліп жатыр ағайын. Бұл дүниеде аруақты ұлықтаудан артық нәрсе жоқ. Халқымыз сондықтанда әруақ разы болғай дейді. Кемел Тоқаев жазушы ретінде қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін салған,жаңашыл реформашыл жазушы болды. Оның шығармалары әлі есімізде».
Сонымен бірге жауырыны жер иіскемеген әр мемлекеттен келген палуандар белдесіп жиылған жұртты бір көтеріп тастаса,аттың дүбірі құлағына келсе делебесі қозар қазақ үшін бәйгенің орны бөлек. Аузымен құс тістейтін жүйріктер бабы мен бағын қатар сынаған аламан бәйгеде өзгелерден арқан бойы озып, Алматы облысының Талхиз атты арғымағы мен, Жетісу облысының Жұмыртұяқ жүйрігі үзеңгі қағысып мәреге қатар келді. Әділ шешім қабылданып қор атынан екеуіне де бірінші орын беріп, қымбат көліктің кілтін табыстады. Осылайша кемеңгер тұлғаның туған жеріне серпіліс беріп,өскелең ұрпаққа рухани өсу әкелетін, әдебиет әлемінде жаңа есімдердің қалыптасуына ықпал еткен мерейтой мерекелік ән шашумен жалғасты.