Алматы облысында жылдағы дәстүрге сәйкес Киокушинкай-кан каратэден «BATYR BALA – 2025» халықаралық турнирі ұйымдастырылды. Аталмыш жарыс – жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, достық пен ынтымақтастықты нығайтатын маңызды спорттық шараға айналды.

Турнирге Қазақстаннан бөлек, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан елдерінен келген 400-ге жуық жас спортшылар қатысты. Бұл – жарыстың халықаралық деңгейде мойындалғанының дәлелі. Әр елдің үміткерлері татами үстінде өз өнерін көрсетіп, шынайы шеберлік пен табандылықтың үлгісін паш етті. Шара барысында Республикалық ұлттық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының президенті Омархан Өксікбаев арнайы қатысып, жас спортшыларға ізгі тілегін жолдап, сәттілік тіледі. Оның қолдауы мен қатысуы жарыстың мәртебесін арттырып, жас каратэшілерге ерекше рух сыйлады.

ОМАРХАН ӨКСІКБАЕВ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҰЛТТЫҚ КИОКУШИНКАЙ-КАН КАРАТЭ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Іс-шараға құрметті қонақтар мен спорт жанашырлары қатысып, жасөспірімдерге қолдау білдірді. Киокушинкай-кан каратэ ерік-жігерді, тәртіп пен табандылықты қалыптастыратын спорт түрі ретінде жастар тәрбиесінде маңызы зор екені тағы бір мәрте дәлелденді.Бүгінде Алматы облысының Киокушинкай-кан каратэ федерациясы жалынды жастардың жігерін жанып,айтулы спорт түрінің жанжақты дамуына қолдау көрсетіп келеді. «Тек мықтылар жеңсін!» деген ұранмен өткен бұл бәсеке жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе мектебі.Жарыс тек спорттық шеберлікті ғана емес, сонымен қатар елдер арасындағы достықты, татулықты, мәдени қарым-қатынасты арттыруға жол ашады.

РАХМАН ҚУАНЫШҰЛЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Жеңіс тұғырынан көрінген үздік қатысушылар арнайы марапаттарға ие болып, қаржылай жүлде қорын иеленді. Бұл – олардың ерен еңбегі мен тынымсыз дайындығының әділ жемісі. Марапаттау сәті жас спортшыларға зор қуаныш пен алдағы шараларға талпынуға серпін берді.