"
Орман саласындағы орта мамандар еңбекақысы 220 мыңға дейін ал, орманшылар 180 мың теңге, басшылардың жалақысы 350 мың теңгеге дейін өсті. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты. Сондай-ақ, министр Теміртау қаласының экологиясын жақсарту үшін қандай жұмыстар жасап жатқанын айтты. Жауапты ведмствоның сөзіне сенсек, екі жылдан кейін, яки 2025 жылы Теміртау халқы таза ауамен тыныстайтын болады.
ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ «АрселлорМиталлға байланысты ғой біздің экология заңына сәйкес бүкіл жұмыстары биыл жаздай жасалды. Қазір соңғы құжатының тексеріс нәтижесін күтудеміз. Басқаша жоспар бойынша жүргізіледі. Сол құжатқа байланысты өз жұмыс жоспарымызды қабылдаймыз».
Одан бөлек, брифингте министр киіктерге қатысты мәселеге тоқталды. Халықаралық конвенцияға сәйкес Қазақстан ақбөкен мүйізін шет елге экспорттай алмай отырғанын жеткізді. Бүгінде Женевада осы мәселе бойынша келіссөз жүріп жатқан көрінеді, егер ол сәтті өтсе еліміз 2025 жылдан бастап киік мүйізін Қытайға сатуды жоспарлап отыр.