Кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту үшін тың тәсілдер қолдану керек. Әйтпесе, жастар колледждерде оқуға мүлдем құлықсыз. Осылай деген Үкімет басшысы Олжас Бектенов, жауапты органға бұл олқылықты тез арада реттеуді тапсырды. 

Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшыларға сұраныс жоғары. Соңғы 10 жылда кәсіптік техникалық білімі бар жұмыспен қамтылғандардың үлесі жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 49 процентке жетіп, 17 пайызға ұлғайыпты. Әсіресе, сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік  салаларында жұмысқа орналасқандардың саны басым. 

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ: «Алайда, еңбек нарығында кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге деген сұраныс бар. Техникалық білімі бар қызметкерлерге күтілетін сұраныс жоғары білімі бар қызметкерлерге қарағанда айтарлықтай жоғары. Бұл ретте, 2030 жылға дейін кадрларға жалпы қажеттілік  1,8 миллион адамнан асып, оның ішінде техникалық білімі бар азаматтарға сұраныс 1 миллионға жуықтайтыны болжанып отыр». 

Айта кетейік, қазір колледжде жұмысшы мамандықтары бойынша тегін оқытады. 3 жыл ішінде кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі айтарлықтай ұлғайған. Бұған дейін колледждерге бюджет есебінен жыл сайын 93 мыңға жуық студент білім алса, осы жылы олардың саны 142,5 мыңға дейін жеткен. 

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Біздегі колледж түлектерінің білімі мен дағдылар деңгейі көбіне жұмыс берушілердің талаптарына, жастардың өз сұраныстарына сәйкес келе бермейді. Жаңа өндірістерді ашу кезінде білікті жұмысшылардың жетіспейтінін көріп отырмыз. Ал, жастар болса, колледждерде оқуға құлықсыз».

Кәсіптік-техникалық білімі бар жұмысшыларға сұраныс жоғары екені даусыз. Оның үстіне биыл колледж студенттерінің стипендиялары 50%-ға өсті. Деседе, жастар колледждерде оқуға мүлдем құлықсыз. Сондықтан, үкімет басшысы кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту үшін тың тәсілдер қолдануды тапсырды.