Көкшетау қалалық прокуратурасы автобус айдауға рұқсат қағазы болмаса да, күнделікті мектеп оқушыларын үй-үйге тасып жүрген автобус жүргізушісін ұстады. Толығырақ алдағы бейне материалда.
Құжатсыз қызмет істеп жүрген жүргізушінің мәселесі дау көтеріп тұр. Заңға қайшы әрекет жасап, жол қозғалыс ережелерінің талаптарына бағынбаған жүргізуші автобус айдамақ түгіл, бала тасуға да құқығы жоқ болып шықты.
ЛУИЗА БАЙЖАНОВА КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БӨЛІМ ПРОКУРОРЫ: "Тіркелген факті бойынша жауапты тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, мектеп автобусын басқаруға рұқсат берген мектеп директорының орынбасары да заң бойынша жауап береді".
Жалпы, Ақмола облысында 10 мыңнан астам оқушы автобуспен қатынауы тиіс. Оның ішінде 4 мыңнан астам оқушы тұрған жерлерінде білім ордасы болмағандықтан көрші ауылға автобуспен келіп білім алса, 5 мыңнан астамы үй-үйге втобустармен қатынайды. Ал, мектеп жанындағы интернаттағы 200-ге жуық оқушы әр апта соңында үйлеріне автобуспен жеткізіледі.
БАҚЫТЖАН ТҰТҚАБАЕВА АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: "Балаларды тасымалдау үшiн қолданылып жүрген заңдарға сәйкес «D» санаты бар жүргізушілерге көлiк құралдарын, автобустарды жүргiзуге рұқсат етіледі. Сондай-ақ, 25 жасқа толған, кемiнде 5 жыл жұмыс өтілі бар жүргізушілер де жұмысқа жіберіледі. Соның ішінде көлік құралын басқарудағы «D 1» кіші санаты бар, кемінде 3 жыл жүргізуші болып еңбек еткен азаматтарда кіреді".
Жаңадан жұмысқа қабылдағанда жұмысшыдан еңбек өтілі сұралады. Істің нәтижесінде заңсыз әрекетке барған жүргізуші жұмыстан босатылды.