Маңғыстау облысының бірнеше тұрғыны кооперативке қаржы құямыз деп, бармақтарын тістеп қалды. Аз мерзім ішінде оңай олжаға кенелеміз дегендер алданып қалғандарын айтып, ақшаларын ала алмай әлекке түсіп жүр. Ал кооператив басшылығының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған.
Ақтау қаласына «Атамекен 2021» тұтыну кооперативінің салымшылары жиналып, шу шығарды. Өйткені, бірнеше жылдан бері салымшылар не баспаналарын, не ақшаларын ала алмай жүр. Салымшылардың сөзінше, кезінде кооператив мамандары «аз уақыттың ішінде баспаналы боласыңдар!» деп сендірген. Оған қоса үй алғандар да болды деп отыр. Амалы таусылған салымшылар «ең болмаса берген ақшамызды қайтарса» деген уәжін айтты.
ЖЕҢІСГҮЛ ИСАЛИЕВА САЛЫМШЫ:
«2021 жылы 23 июнь күні осы «Атамекен 2021» кооперативіне ақша салған болатынмын. Шагирова Гүлсая Қошқарбайқызыменен келісімшартқа отырып, 1 млн 200 мың теңге мен салдым. Бірақ осы күнге дейін ол Шагирова не үй берген жоқ. не ақшамды қайтарған жоқ. Соңында «мен ақшаны бере алмаймын, қазір счетым жабық, ешқандай да ақша бере алмаймын» деп ұрсысып, дауыс көтеріп, жаман немен шығарып салып отыр. Бір емес бірнеше рет келдік. Оған қоса арызданып та жатырмыз».
Кооперативке ақша салғандар аз емес. Бірі 700 мың теңге берсе, енді бірі 5 млн теңге салған. Айтуларынша, қазір 100-ден астам адам қаражаттарын ала алмай жүр. Салымшылар кооператив иесі істі болса да, «басқа ат жамылып, жұмысын жалғастырып жатыр» дейді.
ГҮЛНҰР ІЗТІЛЕУОВА САЛЫМШЫ:
«Осы «Атамекенмен» алдыңғы жылы сот болған. Соттасқан адамдардың ақшаларының барлығын қайтарды. Ода қазір судимость бар. Үстінен қылмыстық іс қозғады уголовная дело. Пробациялық жазадан өтіп, жатыр. Но өтіп жатқанымен ондай финансовый деятельностпен айналысуға болмайды. Бірақ ол до сих пор сол іспен айналысып жатыр. Финансовая пирамида. Адамдарды алдап, «Шаңырақ фест» деген тағы да бір кооператив ашып алған. Енді біз жүрміз. Анда жаздық, мында жаздық».
Былтыр маусым айында кооперативке қатысты экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық іс қозғалған болатын. Нәтижесінде, «Атамекен 2021» тұтыну кооперативі басшысының қылмыстық іс-әрекеттері анықталған. 2021 жылдан бастап оңай жолмен ақша табу мақсатында қаржылық пирамидасын ойластырғаны белгілі болған.
АЗАМАТ ҒАББАСОВ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕП-ТЕКСЕРУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУШІСІ:
«Пайыссыз автокөлік, пайыссыз пәтерді азғантай уақытта алуға болатыны туралы жалған ақпараттар өткізіп, адамдарды үгіттей бастаған. Жалған ақпараттар негізінде тұрғындардан қызығушылық болып, аталған көөперативпен жалған шарттар жасақталып, «Атамекен 2021» тұтыну кооперативінің басшысы өзінің ойластырған қылмыстық іс әрекетін жүзеге асырған. «Атамекен 2021» тұтыну кооперативі басшысының қылмыстық іс әрекеті анықталып, ол бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 217 бап 3 бөлінің 2 тармағы бойынша сотқа жолданған. Соттың қарамағында «Атамекен 2021» тұтыну кооперативінің басшысы ҚР қылмыстық кодексінің 217 бап 3 бөлінің 2 тармағымен кінәлі деп танылып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған».
Сол уақытта, әлеуметтік желілер арқылы тұлғаларды анықтау үшін экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері хабарлама жіберген. 28 адам «жәбірленуші» деп анықталып, ақшалары қайтарылған. Ал ақшасын ала алмай жүргендер бұл істің соңына дейін барып, қаражатымызды қайтарамыз деп бекініп отыр. Қазір олар қайтадан экономикалық тергеп-тексеру департаментіне арызданған. Нәтиже шыққанша тоқтап қалмақ емес.