Маңғыстауда аңшылықты кәсіп еткен Алдаберді Ақшабаевты тынымайтын жан жоқ. Ақсақал сексеннің сеңгіріне шықса да аң аулап, қақпан құрады. Әлі де тың. Облысты айтпағанда, өзге өңірлерден де Алдаберді аңшыны іздеп келетіндер бар екен. Кезінде бүкіл ауыл тұрғындарын аңның етімен асыраған атақты аңшының айтары көп.
Маңғыстаудағы Жарма елді мекенінің тұрғыны Алдаберді Ақшабаев биыл 83 жаста. Соңғы рет осыдан 3 жыл бұрын ауылдың тыныштығын бұзған түз тағысын қақпанына түсіріпті. Ол аң аулауды әкесінен үйренгенін айтады.10 жасында қақпанына түлкі мен қарақұйрық түсіпті. Кейін еңбекке араласқан шағында көкжал алуға машықтанған.
АЛДАБЕРДІ АҚШАБАЕВ – АҢШЫ: «Қасқырды аулау оп-оңай емес, жыртқыш қой. Беріде қасқыр тіпті көп болды.Осы мына тауға қарап тұрған Мырзайырдан бері қарата, егіздің құмы дейтін бар соның ішіне туады. Қасқыр бір туғанда 11 күшікті туады. 2 рет алдым».
Аңшылық-қазақтың байырғы кәсібі. Кезінде ауыл тұрғындарының азығы даланың аңы болды. Алдаберді аңшы әкелген аңның етін бүкіл ауыл болып бөліп тамақ қылған.
АЛДАБЕРДІ АҚШАБАЕВ – АҢШЫ: «Біз жаңағы аштықтың шет жағасын көргенбіз. Ұн жоқ. Енді бәрі азық үшін. Қарақұйрық бар аулайтын, қоян бар».
Алдаберді ақсақалдың қақпан құруға келгенде қолы епті, әрі шымыр. Әлі де қажыр-қайраты қайтпаған қария аңға шықса, құр алақан қайтпайды. Ақсақалдың замандасы Есқуат Әжімағанбетовтің айтуынша, аңшының 3 жылда 100 қасқыр аулаған кезі болыпты. Ал ертеректе ел аумағына өтіп кеткен «гиенаны» қақпанға түсіру үшін, Алдаберді аңшы арнайы шақырылған.
ЕСҚУАТ ӘЖІМАҒАНБЕТОВ - ЖАРМА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Гиена деген ірі жыртқыш аң Қазақстанға келіп, Үстірттің үстінде жылқыны қоймай, соны осы Алдаберді қақпан құру арқылы ұстады. Көздегенін алмай қайтпайды. Сондай дарын. Әкесінен арғы жағынан дарыған».
Алдаберді Ақшабаев аңшылық кәсіппен қатар, тракторшы мамандығын меңгерген. Көлік жүргізіп, ауылдарға ауыз су тасиды. Бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Ұл-қыздан тараған немере-шөберенің ортасында бақытты ғұмыр кешуде.