Маңғыстаудағы білім саласында тағы да шу шықты. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша жалған сертификат алу фактісі тіркелді. Бұл заңсыз әрекетті Ақтау қалалық №5 жалпы білім беретін мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі анықтаған. Келесі тақырыпқа назар аударсақ.
Білім саласындағы былықтың бірін Ақтаулық мұғалім жария еткен. «Сертификат алуға мектеп басшылығы мәжбүрледі»,-деген ол әр құжаттың құнында жайып салды. Кемі 17 мың теңге тұрады екен.
ЖАҢЫЛСЫН БАРСАЕВА ҰСТАЗ: «20-ның үстінде 30 шақты адам алды. Мектеп әкімшілігі алаяқтармен айналысады деп, керісінше менімен айналысып кетті. Сапалы білім, әділдік қайда. Саналы ұрпақ тәрбиелемейміз бе? Мектеп әкімшілігінің қатысы бар деп ойлаймын. Жұмыстан шығып қалам деп қорықпаймын. Заңсыз ештеңе істіп тұрғаным жоқ. Азаматтық позициям».
Істің ақ-қарасын ажыратқан өңірдегі «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігі құжаттардың заңсыз жолмен алынғанын растап отыр. Жауапты орын Астанадағы оқу-әдістемелік орталығына ресми хат жолдап, тізімдегі 40-қа жуық ұстаздың біліктілік курсынан өтпегеніне көз жеткізген.
АСҚАР ЖАҚСЫБАЕВ - «ӘДІЛДІК ЖОЛЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Ақпараттың расталып отырғаны «Өрлеу-Education» орталығынан келіп отырған сұраныс хатқа жауап. Біз мұндай үлгідегі сертификат шығармаймыз деді. Сонымен қатар көрсетілген мерзімде, желтоқсанда оқу курсы өткен жоқ делінеді».
Бұл дерекке қатысты қаладағы оқу-әдістемелік орталығының басшылары түсінік берді. «Мұғалімдер үш жыл сайын біліктілігін арттыруға міндетті және арнайы курстан өтуі тиіс»,-деген олар біліктілік санатына қарай жалақы төленетінін айтады.
КҮЛПАН МИРОВА ОҚУ- ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Мектеп әкімдігінің өз құқығында ақылы өте ме, жағдайына қарайды. Жоқ, бұл курсты оқуға бізден хат кеткен жоқ. Өздері іздеп тауып алған.Айлығына әсер етеді, әрине. Категория ала алмай қалса, әрқайсысының белгіленген ақша өлшемі бар».
Қазір аталған іске қатысы бар деген мұғалімдерден жауап алынып, тергеу басталып кетті. Өңірлік тәртіп сақшылары «Жалған құжаттарды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу фактісі бойынша» қылмыстық істі тіркеп үлгерді. Заңға сәйкес, дерек расталған жағдайда азаматтарды 4 жылға бас бостандығынан айыру немесе ірі көлемде айыппұл салу көзделуде.