Тұрақты микро жер сілкіністері. Бұл Мексика астанасы Мехико қаласының тұрғындары үшін қалыпты жағдай. Өйткені,шаһар тектоникалық жарықтар үстінде орналасқан.
2023 жылдан бері Микскоак пен Платерос ауданында жер дүмпуі үздіксіз болып тұрады. Жер сілкінісі әдетте күтпеген кезде болады. Олар әлсіз және қысқа болғанымен, үйлердің шатырын, бағаналар мен қабырғаларды зақымдайды. Жергілікті тұрғындар үнемі қорқынышта өмір сүріп жатқандарын айтып, билікті адамдар мен олардың мүлкін қорғауға қатысты шара қабылдауға шақырады.
ДОМИНГО ЛОПЕС ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:«Иә, біз аздап алаңдап отырмыз. Дүмпулер өте жиі сезіледі. Олар түнде болады және кейде біз оның жер сілкінісі екенін білмейміз, өйткені біз кез келген дірілді микрожер сілкінісі деп қабылдаймыз. Жан тыныштығы жоқ».
МАРА ГУЭРРА ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН: «Біз биліктің зерттеу жүргізіп, қандай көмек көрсету керектігін шешкенін қалаймыз. Сондай-ақ көшеміздің инфрақұрылымын, су және тағы басқасын қайта жаңарту керек ».
Инженерлік институттың ғалымдары геологиялық бұзылыстың шығу тегі мен тереңдігін белсенді түрде зерттеуде. Аймақтағы соңғы жер асты дүмпулерінің себебі сол деп есептейді.
АЛЕХАНДРО САЛАСАР ИНЖЕНЕР-ГЕОЛОГ: «Өкінішке қарай, қала тектоникалық жарықтар үстінде орналасқан және көптеген ғимарат бүлінген, өйткені бұл аймақта желтоқсаннан қаңтарға дейін кейбір аудандарда шамамен үш сантиметрге жылжыған».
Ел үкіметі таратқан мәліметтерге сәйкес, Мексика астанасының екі ауданында 3 желтоқсан мен 10 қаңтар аралығында 3-2 баллдық 23 жер сілкінісі тіркелген. Зілзала ошағы шамамен бір шақырым 400 метр тереңдікте болған.