Марракештен оңтүстікке қарай 40 шақырым жерде орналасқан Мулай Брахим ауылының жанындағы тау бөктерінде жергілікті тұрғындар 18 жасар ұлымен бірге қайтыс болған 45 жастағы әйелді жерлеуде. Мароккодағы жер сілкінісі құрбандарының саны 2100-ден асып, сағат санап өсуде. 2400-ден астам адам зардап шекті.
Бұл ел үшін 1900 жылдан бергі ең қауіпті жер сілкінісі. Оның күші Рихтер шкаласы бойынша 6,8 баллды құрады. Эпицентрі Атлас тауларының сирек қоныстанған аймағында болды. Ең көп зардап шеккен аумақ шалғайдағы биік Атлас тау жотасындағы ауылдар. Жер асты дүмпулері Марокконың астанасы Рабатта да эпицентрден 350 шақырым жерде сезілді. Көптеген адамдар баспанасыз қалып, бірнеше күн бойы ашық аспан астында түнеді. Енді олар тамақ, су және баспана табуға тырысуда.
ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН АМАН ҚАЛҒАН ТҰРҒЫН: "Біз 24 адамбыз. Олар бізге бір шатырға сыймайтынымызды айтты. Егер бос болса, басқасын беруге уәде берді".
Ал бұл адам жер сілкінісінде кішкентай ұлынан айырылды. Апат барлығы отбасылық кешкі асқа үстелге жиналған сәтте орын алған. Кішкентайы ас үйге кеткенде оны үйдің шатыры басып қалған.
ХАМИД БЕН ХЕННА – БАЛАНЫҢ ӘКЕСІ: "Барлығы 23:00 немесе 23:30-да басталды. Біз кешкі ас ішіп отырғанбыз. Мен ұлымнан десертті кесу үшін ас үйден пышақ әкелуін өтінгем. Ол ас үйден шыққан бойда жер сілкінісі болды. Ол қазір қоқыстар тұрған жерге жүгірді. Оны бір жарым-екі метр қоқыс басып қалды".
ФАТИМА БУЖИГ – БАЛАНЫҢ АНАСЫ: "Жарық болған жоқ. Біз қараңғыда қалып қойдық. Жер сілкінісін, тастар мен қабырғалардың құлағанын естідік, басында не болып жатқанын түсінбедік. Ұлым телефондарды тапты, оның шамдарын қостық. Содан кейін ғана бүкіл ауылдың қирандыға айналғанын көрдік".
Үкімет табиғи апаттың зардаптарын жою үшін шұғыл шаралар қабылдап, іздеу-құтқару топтарын күшейтіп, ауыз сумен қамтамасыз ету және тамақ, шатырлар мен көрпелер таратуда. Елде үш күндік аза тұту жарияланды. Король Мұхаммед VI бүкіл елдегі мешіттерде қайтыс болғандар үшін дұға етуге шақырды.
Мороккодағы жер сілкінісі: Екі мыңнан аса тұрғын көз жұмған
- Информация о материале
- Категория: Алатау ақпараты
- Просмотров: 385