Орал қаласындағы жетімдер үйінің түлектері қайта оралмақ. "Шаңырақ" жасөспірімдер үйінде қызу жұмыс басталып кетті. Басшылық жыл аяғына дейін ғимаратты пайдалануға бермек.
Аталған ғимарат 1959 жылы ашылған. Қаражаттың қалта қайыруына байланысты жөндеу жұмыстары болмаған. Салдарынан санжылдық ғимараттың сұры да кете бастаған. Былтыр жөндеуге жабылған кезінде, жетімдер үйінің түлектері қайта есік ашылар ма деп алаңдаушылық білдірген болатын.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ БҚО ӘКІМІ: "Бүгінде мердігер жөндеу жұмыстарымен толық айналысып жатыр. Осы жылы аяқтап, пайдалануға береміз деп уәде етті. Жұмыстар толығымен аяқталған соң бұрын осы жерде тұрғандар қайта қоныстанады".
Ғимарат 187 бөлмеден тұрады. Қазір ішкі жұмыстар аяғына жетті. Сыртқы жұмыстар ауа-райы бірқалыпқа түскен соң басталады дейді жауаптылар.
ЕРБОЛ КАРАГУЙШИЕВ ҚҰРЫЛЫС УЧАСКЕСІНІҢ БАСШЫСЫ: "Тапсырыс берушінің өтініші бойынша бөлмелерге ас үй мен санитарлық торапты қостық. Ғимараттың жөндеу жұмыстары біткен соң аулада балалар алаңы болады. Нысанды тапсыру мерзімі 1 маусым, бірақ одан ертерек тапсырамыз деген ойдамыз".
Жаңа жобаға 560 млн теңге бөлінген. Оның 75 пайызы жұмыс барысында игерілген. Соның аясында төменгі қабаттарға бильярд, үстел теннисі сияқты спорт ойындарын қосу жоспарда бар.