Оралда кәріз сорғы станциясында болған апаттан соң өзен суларынан экологтар сынама алды. Бір күн бұрын апат тіркеліп, қаланың басым бөлігі тіршілік нәрісіз қалған болатын. Жауапты мекемелер айтулы мәселені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұз боп қатып жатқан өзен үстінде субұрқақша атқылаған кәріз құбырының суы көпшіліктің жағасын ұстатты.
Сорғы станциясында болған апат салдарынан 55 мыңға жуық абонент ауыз сусыз қалған болатын. Төтенше жағдайды жою үшін "Батыс су арнасы" ЖШС қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
ӘНУАР ӘРКЕНОВ "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ: «Түні бойы зақым болған орынды анықтап, оқшауладық. Ақауды жоюға кірістік. Түнгі сағат 3-тер шамасында қалаға суды бере бастадық. Таңертең бүкіл қалада су болды. Қазір дәнекерлеу жұмыстары аяқталып қалды. Бітірген соң станция жұмысын жалғастырады».
Мамандардың айтуынша, сорғы станциясындағы құбырлардың тозу көрсеткіші 100%-ға жуық. Нысан мемлекеттік сараптамадан өтті. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі қарастырылып жатыр. Қала бойынша кәріз желілеріне келер болсақ, құбырлар 60%-ға дейін жарамсыз.
ӘНУАР ӘРКЕНОВ "БАТЫС СУ АРНАСЫ" ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫ: «Бұл станция, сорғылар 60-70-ші жылдардан бері жөндеу көрмей келеді. Жөндеу жұмыстарын жүргізу де оңай шаруа емес. Жоба дайындап, оны қорғау қажет. Кейін сараптамадан өтеді. Тағысын тағы. Негізінде 10-15 жыл бұрын жөнделуі керек еді. Әзірге осылай апат салдарын жоюмен ғана айналысуға тура келеді».
Шаған өзені арқылы өтетін кәріз құбырынан мұзды жарып шығып, атқылаған су тұрғындардың үрейін ұшырды. Белгілі болғандай, ол жердегі құбыр 90-шы жылдан бері пайдаланылмай келеді екен. Құр жатқан желіні осы кезге дейін неге алып тастамағаны белгісіз. Экологтар оқиға орнында судан сынама алып, сараптамаға жіберді.
АЛМАТАЙ ЖҰМАҒАЗИЕВ БҚО БОЙЫНША ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ