Отандық әскери қызметшілер халықаралық сайыста топ жарды. Бакуде күрестен 36-шы әлем чемпионаты өткен еді. Осы спорттық сайыста жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, Қазақстан намысын қорғады. Біріншілік қорытындысы бойынша Қарулы күштердің өкілдері «алтын», «күміс» және екі «қола» олжалады. Жеңіспен елге орлған әскерилермен Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов жеке кездесіп, спортшыларға алғыс айтты. Спорттағы жоғары жетістіктері үшін Аманғали Бекболатовты «Ел қорғаны» ведомстволық медалімен марапаттады. Айта кетейік, халықаралық әскери спорт кеңесі (CISM) мен Әзербайжан Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған жекпе-жектерде 18 елден келген 300-ден аса спортшы қатысты.
АМАНҒАЛИ БЕКБОЛАТОВ ҚР ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ ОРТАЛЫҚ СПОРТ КЛУБЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ: «Бүгінгі күн мен үшін өте қуанышты күн. Себебі, қорғаныс министрінің қолынан медаль алып жатырмын. Үлкен қуаныш мен үшін, отбасым үшін. Бұл менің алға қадам жасауыма үлкен серпіліс болады деп ойлаймын. Жақсы дайындықта бардық. Бапкерлер тарапынан бәрі жақсы болды. 4 белдесу өткіздім. Қарсыластарымды ұтып, әлем чемпионы болдым әскери қызметкерлер арасында».
Жыл басынан бері әскерилер халықаралық және республикалық 140-тан аса сайыстарға қатысып, онда 340 медаль еншілеген. Жалпы саны 171 алтын, 82 күміс және 87 қола алған.