Петропавлда жеке үй өртеніп, 20 жастағы әйел мен 2 бала қаза тапты. Қызыл жалын туралы ақпарат 25 қыркүйек күні кешкі сағат 21:35-те келіп түскен. Тілсіз жау 19 шаршы метрді шарпыған. Қазір өрттің шығу себептеріне байланысты сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Қызыл жалын Волочаевская көшесі, 113 мекенжайындағы жеке тұрғын үйде бас көтерген. Оқиға орнына өрт сөндірушілер 5 минутта жеткен. Тілсіз жауды ауыздықтау барысында 2003 жылғы әйел мен 2018-ші және 2022-ші жылы туған екі баланың денесі табылды.

НАЗЫМБЕК ЕЛЕМЕСОВ ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

«Күйеуі үйдің ішінде болған. Жұмыстан кейін ұйықтап жатқан. Қаза тапқан әйел оны оятып үйде өрт болып жатқанын хабарлаған. Верандаға шыға бергенде, ол жерді толығымен қызыл жалын шарпыған. Күйеуі терезені жарғанша, әйелі балаларын алып веранда жаққа шығып кетеді. Күйеуі терезені жарып, енді арттарынан барғанда веранда толығымен отқа айналған. Ол шығара алмай, өзі шығып аман қалды».

Қызыл жалынды ауыздықтауға 15 маман мен 3 техника жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себебін анықтау үшін сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

«Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне, уақытша жалдамалы пәтерге және басқа да қажеттіліктерге арнайы қаржы бөлінетін болады. Кеше қаламызда қайғылы жағдай орын алды. Бұл жерге облыс және қала басшылығы кеше түнде келді. Қаза тапқандардың туыстарына қайғырып көңіл айтамыз».

Жыл басынан бері облыста барлығы 400-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 23 адам қаза тапқан. Ал улы газдан иіс тиіп 27 адам зардап шекті. Оның 9-ы қайтыс болған.