Петропавлда озат оқушыларға ынталандыру шәкіртақысы төленеді. Облыс орталығындағы мектептердің бірінде жүзден астам бала осы мүмкіндікке ие болған. Қазір оқу ордасында шамамен әр тоғызыншы бала – оқу озаты. Шәкіртақы алу үшін оқушылар тіпті басқа мектептен де ауысып келеді екен.
Бұл Ғабит Мүсірепов атындағы №43 мектеп. Білім ордасында оқитын үздік оқушыларға берілетін қаражатты осы мектептің түлегі болған Петропавлдық кәсіпкер төлеп отыр. Қазір мұндағы білім алушылар жас мөлшеріне қарай әр түрлі сомада шәкіртақы алады. Солардың бірі – 1 сыныптан бері үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан Злата Курдина.
ЗЛАТА КУРДИНА ОҚУШЫ "Барлық пәннен жақсы баға алуға тырысамын. Сол үшін сабақтан қалмай, үнемі ізденемін. Биыл өз жинаған ақшама алған «kz.film» продюсерлік курсын оқып бітірдім".
Аталған мектеп қабырғасында мыңға жуық оқушы білім алады. 100-ден астам бала оқу озаты.
ПОЛИНА ВАСИЛЬЕВА ОҚУШЫ "Қазір қажетті затты ата-анамнан сұрамай, өзім сатып алуға тырысамын. Сіңілім де осы мектепте озат оқушы. Екеуіміз шәкіртақымызды жинап, 180 мың теңгеге күшік сатып алдық. Бұл біздің көптен бергі арманымыз болатын".
Оқушылардың ай сайын тұрақты түрде алатын ынталандыру шәкіртақысын, осы мектептің түлегі, кәсіпкер – Андрей Исаков төлеп отыр. Бұл игі істің бастау алғанына биыл 6 жыл.
АҚҚУ ОМАРОВА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ "Мектебімізде 927 оқушы бар. Оның 102-сі ынталандыру шәкіртақысын алады. Нәтиже керемет. Осының арқасында балалар сабаққа ден қойып, үнемі үздік болуға ұмтылады".
Оқушыларға ынталандыру шәкіртақысы 2017 жылдан бері беріліп келеді. Жалпы қор 900 мың теңгені құрайды. Әр ай соңында үздіктер тізімі әзірленіп, кәсіпкер қаржыны аударады. Кейін ол оқушылардың ата-аналарына жіберіледі.